Үкімет экономиканы қалпына келтіру үшін кешенді жоспар әзірледі
Ең алдымен қызмет көрсету секторының жұмысы жанданады. Үкімет отырысында Премьер-Министр жер-жердегі әкімдіктерге нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Себебі төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеулердің салдарынан қызмет көрсету секторының қарқыны баяулап қалды. Сауда мен көлік қызметінің өзі сәуір айында 30% төмендеген. Үкімет экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге көшті. Мемлекеттік салықтық ынталандыру, жеңілдікпен несиелеу, ішкі өндірісті қолдау үшін отандық тауарларды кепілдендірілген сату механизмін енгізу шаралары арқылы экономиканың еңсесін көтеру мүмкін болмақ.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша экономика 0,2% төмендеді. Бұл бүкіл әлемдегідей карантиндік шектеулер мен төтенше жағдайды енгізудің салдарынан болды. Әсіресе қызметтер көрсету секторының жұмысының белсенділігі карантин кезіндегі екі айда төмендеді. Қазіргі таңда карантин режимі біртіндеп жеңілдетілуде. Жалпы экономика салаларын қалпына келтіру басталуы тиіс.
Айта кетейік, карантин салдарынан ішкі сауда 9% дейін төмендеген. Есесіне электрондық сауда белең алған. Интернет алаңдар арқылы 89 млрд теңгеге 2,8 млн сәлемдеме сатып алынған. Сондай-ақ өңдеу, тау-кен өнеркәсібі мен машина жасауда өсудің жоғары қарқыны сақталған.