Мәжіліс «Ойын бизнесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Бүгін Мәжіліс депутаттары ойын бизнесіне қатысты заң жобасына осындай өзгеріс енгізіп, бірінші оқылымда мақұлдады.
Құмар ойынға құштарлықтың соңы көп жағдайда құрдымға жібереді. Ойыншыны қалай да құтқару қажет. Үкімет «ойыншы өзін-өзі шектеп, өтініш жазуы тиіс» деген ұсыныс жасады. Бірақ депутаттар есіл-дерті ойынға кеткен жан оны өз күшімен жеңе алмайтынын ескеріп, жаңа норма енгізді. Ол бойынша құмар ойыншыны одан шығару үшін туыстары сотқа бере алады.
Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі:
- Уәкілетті мемлекеттік органдарда букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін және бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді.
Яғни құзырлы органдар орталық арқылы толық бақылау жүргізеді. Бұл – бизнесті көлеңкеден шығаруға сеп. Елімізде арнайы ойын аймақтары Ақмола облысындағы Бурабай курорты мен Алматы облысындағы Қапшағай қаласында орналасқан. Заң жобасына енгізілген тағы бір өзгеріс: бүкіл букмекерлік кеңсе мен тотализаторлар арнайы осы 2 аймаққа көшіріледі. Яғни ойнағысы келген азамат қала ішінде арнайы ойын аймағына баруы қажет. Ескеретін жайт: ойын құралдарын көшіру кезінде бюджетке салмақ түспейді.
Қанат Баеділов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары:
- Бұл нысандарды арнайы бөлінген аумақтарға ауыстырғаннан бюджетке түсім азаймайды. Себебі арнайы бөлінген аумақтарда электронды касса көбейеді. Оның ставкасы 10 есе көп. Соған сәйкес ойын бизнесінен қосымша салық алатын боламыз. Ойын бизнесінің нысандары мен ойыншылардың нақты қаржы айналымын да ашық көре аламыз.
Құжаттың Үкімет ұсынған нұсқасында Алматы облысында 2, Маңғыстау облысында 1 – барлығы 3 жаңа ойын аймағын құру ұсынылған болатын. Алайда Мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылау барысында қосымша ойын аймақтарын ашу туралы норманы алып тастады.
Айгүл Шайымова, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
- Үйлестіруші орган бизнестің бұл түрін алып тастап отырған жоқ. Тек қана арнайы ойын аймақтарында жүзеге асыруды ұсынды.
Мәжіліс төрағасы заң жобасына енгізілген жаңа өзгерістер ойын бизнесін барынша тиімді үйлестіруге жол ашатынын атап өтті. Ойын бизнесінде ашықтық пайда болады. Құжат сондай-ақ құмар ойындарға психологиялық тұрғыда тәуелді жандардың қатарын азайтуға сеп.
Нұрлан Нығматулин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Әкімшілік басқару жетілдіріліп, экономиканың бұл саласынан мемлекеттік бюджетке түсім өседі. Ставкаларды есепке алу орталығы болады. Жасырын әрекет ету тоқтайды. Барлығы жария түрде жүретін болады. Қаржы министрлігі де мұны растап отыр. Олар қажетті есеп жүргізген. Елімізде бизнестің бұл түрі жабылмайды, оны реттеу тетіктері ескерілген. Халықаралық нормаларға сай келтіріліп отыр.
Айта кетейік, заң жобасының тағы жаңашылдығы букмекерлік кеңселерде тек спорттық оқиғаларға ставка қоюға рұқсат етілмек. Мәжіліс депутаттары бүгін сондай-ақ Денсаулық кодексінің жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған нормалар енгізіліп отыр. Онда төтенше жағдай режимі мен карантинде денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жетілдіру жолдары көрсетілген.
Авторы: Индира Жылқайдарова