Мәжіліс өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын мақұлдады
Өйткені биыл жыл басынан еліміздегі өнеркәсіптік нысандарда 365 жазатайым оқиға тіркеліпті. Осылайша 413 адам жарақат алған. Жалпы өндіріс ошақтарында техникалық ақау салдарынан жарақат алу азаймай тұр. Бұған қоса апаттық-құтқару қызметінің кәсіби даярлығы мемлекеттік бақылаудан шет қалған. Міне, осындай олқылықтарды жою үшін әзірленген заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.
Соңғы кезде өнеркәсіптік нысандарда техногендік апат 3 есе көбейген. Президент осы келеңсіздікті жою тетіктерін ойластыруды өз жолдауында тапсырды. Мәжіліс мақұлдаған құжат дәл осы өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты. Ең әуелі депутаттар апаттық-құтқару қызметін бақылауға назар аударды. Себебі олар соңғы 3 жылда аттестациядан өтіп жүрген жоқ. Бұл қауіпті еселей түспесе, азайтпайды. Сондықтан Мәжіліс депутаттары аттестацияны жаңғыртуды ұсынды.
Кұралай Қаракен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер азаматтық қорғаныс төңірегінде апаттық-құтқару қызметтерін бақылап, даярлау механизмі бекітілген болса, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бұл мәселе шешілмеген. Салдарынан қауіпті өндірістік нысандарда кәсіби емес ұйымдардың жұмыс істеуі жиілеп, жарақат алу көбейді. Сондықтан депутаттар аттестацияны енгізіп, апаттық-құтқару қызметтерін мемлекеттік бақылау жөнінде түзетулер енгізді.
Айта кетейік, елімізде 900-дей құтқару компаниясы тіркелген. Былтыр апаттық-құтқару қызметі тау-кен, көмір саласы кәсіпорындарына 490 рет шыққан. Заң негізінде оларды аттестациялауды өткізу тәртібін өкілетті орган бекітеді.
Бейбіт Мамыраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз өңірлердегі кәсіпорындарда болған кезде, өндірістік бақылаумен кадр қызметінің функцияларын бір бөлім немесе бір адам атқаратынын көріп жүрміз. Мұндай жағдайда өндірістік бақылау тек формальді түрде атқарылатыны анық. Осы нормалар қабылданғаннан кейін жағдайды өзгерту үшін қандай шаралар қабылданатын болады?
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Кейбір кәсіпорындарда формальдік бір орынды тіркейді, бірақ өз жұмысын дұрыс орындай алмайды, себебі оның құқықтық мүмкіндігі жеткілікті емес. Қазіргі заң жобасына енгізілген өзгерістерде сол тұлғалардың дәрежесін мүмкіндігін көбейту деген бар. Біздің министрліктен, комитеттен кәсіпорындарға беріледі.
Депутаттар енгізген тағы бір түзету. Өндірістік нысандарды профилактикалық қадағалауды кәсіпорынға бармай-ақ жүргізу тәртібі көрсетілген бап алынып тасталды. Себебі қауіпті нысандардың техникалық жайын қашықтан, кабинетте отырып тексеру ақылға сыймайды.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасының бастапқы нұсқасында бақылауды нысанға бармай-ақ жасау ұсынылған. Камералық бақылау түсінікті, сұрау бойынша кез келген қаржылық, салықтық, кедендік құжаттарды алдыра алады. Бірақ өндіріс ошағын оған бармай қалай тексеруге болады? Депутаттар бұл норманы алып тастады. Осыған қатысты Ұлттық экономика министрлігінің пікірі қандай?
Жасұлан Мәдиев, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
- Ұлттық экономика министрлігі депутаттардың түзетулерін қолдайды. Яғни өнеркәсіптік нысандарда алдын-ала бақылау тікелей ол жерлерге бару арқылы жүзеге асырылмақ.
Құжатта қауіпсіздікке жауапты лауазымды тұлғаның өкілеттілігі артатыны да көрсетілген. Ол жұмысшылардың өміріне қауіп төнген сәтте, өзі шешім қабылдап, өндірісті тоқтатуға да құқылы.
Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз уәкілетті органға қажетті өкілеттіктер беру арқылы осындай бақылаудың құқықтық негізін бекітеміз. Енді біздің бастамамыз бойынша жарылғыш материалдардың жылжымалы қоймалары, араластыру-зарядтау және жеткізу-зарядтау машиналары, жарылғыш заттарды дайындауға арналған мобильді және стационарлық қондырғылар қауіпті техникалық құрылғыларға жатқызылды. Осылайша олардың қауіпсіз пайдаланылуын мемлекеттік қадағалау қалпына келтірілді. Өндірістік процесте жарылғыш материалдарды пайдаланатын ұйымдардың уәкілетті органның бөлімшелеріне оларды есепке алу жөнінде ақпарат беру міндеті бекітіледі.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа заң өндіріс басындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымды мемлекеттік бақылау күшейетінін атап өтті. Әсіресе жолаушылар лифтілері, қазандықтар мен сауда үйлеріндегі жеделсатылардың жұмысын қадағалауға екпін берілмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова