Сенат азаматтық процестік кодексті өзгерту туралы заң жобасын қабылдады
Азаматтық процестегі тиімділік артып, сот ісін жүргізудегі цифрландыру дамытылады. Сенат депутаттары осындай үш бағыттан тұратын азаматтық процестік кодексті өзгертуге қатысты заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Қолданыстағы кодекс негізінде, судьялар тек ұсынылған дәлелдер бойынша шешім шығарады. Ал жаңа құжат бойынша соттың процестегі рөлі түбегейлі өзгереді. Әділ шешім қабылдау үшін судья өзі зерттеу жүргізуге құқылы. Бұл –озық елдердің тәжірибесі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Азаматтық процестік кодекске енгізіліп отырған түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Өзгерістер мен толықтырулар сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға және артық сот рәсімдерін қысқартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ заманауи электрондық сервистерді енгізуге, азаматтардың еліміздегі сот жүйесіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан кодекске енгізілген түзетулер сот төрелігінің жеделдігін және тиімділігін қамтамасыз етіп, сот жүйесінің одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.
Сенатта қабылданған лотерея қызметіне қатысты заң бойынша бірыңғай оператор болып саналмайтын тұлға лотерея ойындарын жүргізсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Сондай-ақ комиссия шешім шығармайынша, лотерея жарнамалауға тыйым салынбақ. Айыппұл көлемі жеке тұлғалар мен бизнес өкілдері үшін 100-ден 2 мың АЕК аралығында.
Сенаторлар соғыс жағдайы кезінде Президентке қосымша өкілеттіктер беретін құжатты да қабылдады. Заңға сай өңірлерде қорғаныс кеңестері құрылмақ. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырады. Жұмылдыру резервін нығайту үшін ЖОО-да ақылы негізде запастағы сержанттарды даярлау қолға алынады.