Мәулен Әшімбаев Мысыр Сенатының төрағасымен кездесті
Мысырмен байланысымыз мығым болмақ. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Мысыр Сенатының Төрағасы Әбделуахаб Әбделразек Хасан бастаған Парламент делегациясы өкілдерімен кездесті. Тараптар екі ел Парламенттерінің Палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. «Бұл құжат парламентаралық диалогты дамытуға сеп болады»,- деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Әсіресе ауыл шаруашылығы, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп пен білім беру және мәдени гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылдарды арттыру жайы сөз болды. Сондай-ақ екі елге ортақ тұлға - Бейбарыс сұлтанның мешітін қайта қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жобаның маңыздылығы айтылды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Екіжақты ынтымақтастығымызды жүйелі түрде дамытуға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси үлкен мән беруде. Біз Мысырмен арада қалыптасқан Парламентаралық ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Біздің енді Парламенттерімізде достық топтары құрылған. Алдағы уақытта осы топтардың әлеуетін көбірек пайдаланған абзал деп есептейміз.