Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі қызметіне тағайындалды
Осы күнге дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Төтенше жағдай немесе оқыс оқиғалар жөнінде халықты әрдайым құлағдар етіп отыру – бірінші кезектегі міндетіміз. Бұл адам тағдырына қатысты тәуекелдерді азайтады. Сондықтан аз ғана уақыттың ішінде жаңа жүйе жұмысын жолға қойып, барлық облыс орталығына енгізу қажет. Сосын басқару ісі де аса маңызды. Ол министрліктің дағдарыс орталығынан басталып, өңірлерде де тиімді жүзеге асуы тиіс.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымына жаңа басшыны таныстырды. Министрлік алдында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. «Сондықтан министр ретінде ұйымдастыру жұмыстарын жедел жүргізіп, іске кірісу қажет», – деді Асқар Мамин.