Қазақстан Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясына қатысады
Бас ассамблеяның бұл жолғы сессиясы коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта өтпек. Яғни Президенттер бейнебайланыс форматында сөйлеседі. Сессия барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілінде екі бейнеүндеу жасайды. Оның бірі 21 қыркүйекте БҰҰ 75 жылдығына арналса, екіншісі 23 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының жалпы дебатындағы күн тәртібіне байланысты болмақ.
Қазақстан Президенті өз баяндамаларында халықаралық мәселелерді шешуде әлемдік қоғамдастықтың іс-қимылдарын үйлестіру, коронавирус індетімен күрес, жаһандық экономикалық өсімді қалпына келтіру, терроризмге қарсы іс-қимыл, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, климаттың өзгеруі сияқты проблемаларды көтереді. Мемлекет басшысы БҰҰ-ға қатысты сыни пікірлердің айтылғанына қарамастан, ол әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратын баламасы жоқ әмбебап ұйым екеніне тоқталып, халықаралық саясаттағы БҰҰ-ның рөлін күшейту секілді мәселелерді қозғап, бірқатар халықаралық бастаманы ұсынбақ.