Н.Назарбаев пен Б.Байбектің кездесуі барысында праймериз қорытындысы сөз болды
Кездесу барысында праймериз қорытындысы туралы сөз болды. Бауыржан Байбектің ұсынған ақпаратына сай, партия мүшелерінің 84,2% дауыс беруге қатысты. Оның 88% онлайн форматта өтті. Тіркелген 10 073 үміткердің 36% әйел, 29% 35 жасқа дейінгі жастар. Партияішілік таңдау нәтижесі бойынша 20 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым және көлік, білім мен денсаулық сақтау салалары қамтылды. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериздің партия қатарын жаңғырту жолында сабақтастықты сақтай отырып, шынайы әлеуметтік сатыға айналғанын айтты.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Ең көп дауыс алған 500 адам ішінен қарапайым ұстаздар, дәрігерлер, жұмыскерлер бар. Праймериздің арқасында 41 мыңнан астам жаңа азаматтарымыз партияның мүшелігіне өтті. Соның мыңы нақты праймеризге қатысып, әрбір төртінші азамат жеңіп кетті. Жалпы партияластардың арасында қызығушылық танытты, халық оны қолдап жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Сайлау алды дайындық ретінде үлкен шаруа жасалды. Партияның орталық аппараты біздің активтеріміз көп жұмыс істеді. Олардың барлығына мен ризашылығымды білдіремін. Бірақ алдымызда нақты жұмыстар толып жатыр.