Елбасы төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті
ҚХА кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Елбасы бірлікті нығайту ісінде қазақ тілінің әлеуеті зор екенін айтты. Биыл ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толды. «Ортақ шаңырақтың астында биік мақсаттарға» деп айдар тағылған жиында тағы қандай өзекті мәселелер көтерілді?
Ассамблеяны «бірліктің ұйытқысы, берекенің бастауы, татулық пен тұрақтылықтың кепілі» деп жатады. Қалай сипаттаса да жарасамды. Халықтың бірлігін нығайту әрқашан мемлекеттік саясаттың өзегі болған әрі бұл өзгермейтін өлшем. Осы тұста Ассамблея қызметінің маңызы зор. Ширек ғасырлық уақыт соны дәлелдеп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы:
- Ширек ғасырда Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан Парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына маңызды үлес қосты,
Ассамблея – әбден қалыптасқан, орныққан құрылым. Егер әріге көз тастайтын болсақ, ҚХА құру идеясы алғаш рет 1992 жылы айтылды. Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған форумда Нұрсұлтан Назарбаев осындай бастама көтерді. 1995 жылы Ассамблеяны Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Бертін келе қоғамдық-саяси рөлі күшейтілді. Нақты айтсақ, конституциялық мәртебе берілді, Мәжіліске тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. 2008 жылы Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заңға қол қойды. Бұл әлемде баламасы жоқ құжат болатын. Осылайша Ассамблея Қазақстан саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналып, құқықтық негіздері айқындалды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Туған жер» жобасының нәтижесі жақсы. Ассамблея төрағасы бұған жеке тоқталды. Жоба жүзеге асқалы бері 12 мың меценат бұл іске белсенді араласқан. 270 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, бес мыңға жуық мәдени-әлеуметтік нысанды жаңартуға септігін тигізіпті. Нұрсұлтан Назарбаев: «Игі бастаманы жалғастыру керек», – деді. Содан соң Елбасы қазақ тілі мәселесіне жеке тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы:
- В 1991 году государственным языком владели лишь 37% населения. Сегодня ситуация кардинально другая. Если 20 лет назад в вузах на казахском языке обучалось 27%, то сегодня 83%. Раньше была проблема найти человека неказаха, говорящего на казахском языке, сейчас это не редкость.
Қазақ тілі ынтымақты ырыс ете алады. Елбасы мемлекеттік тілдің елдің бірлігін бекемдеуге келгенде әлеуеті зор екенін айтты. Этносаралық қарым-қатынастың тілі болуға болуға барлық мүмкіндік бар. Тек тілді меңгергендердің қатарын біртіндеп көбейтпек керек.
Бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің өз тәжірибесі бар. Елбасы сол модельдің интеграциялық әлеуетін тиімді жүзеге асыруға мән беру керектігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев этникааралық қарым-қатынастағы қазақ халқының тарихи рөлі мен жауапкершілігіне де тоқталды.
Этнос өкілдерінің Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлесі айрықша. «Сол әлеуетті дамыта беру керек», – деді Елбасы. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев этностар көп шоғырланған орындарға қатысты пікір білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы:
- Біз бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Бұл – этносаралық қатынастар саласындағы мызғымас ұстаным және ол өзгермейді.
Белгілі қазақстандық қаламгерлердің шығармалары әлемнің алты тіліне аударылды. Бұл – «Рухани жаңғыру» аясындағы бір игі іс. Елбасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Енді, міне, біраз туынды ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдеріне тәржімаланды. Қиын сәттерде бүкіл Қазақстан жұдырықтай жұмыла біледі. Биыл болған біраз оқиға соған дәлел.
Этникалық топтар мен діни конфессиялар арасындағы өзара құрметті арттыра түсу, келісім мен тұрақтылықты нығайту мерейлі жылға арқау болуы тиіс еді. 25 жылдыққа жоспарланған іс-шаралардың дені осы бағытты қамтыған. Алайда карантин біраз іске қолбайлау болды. Бірақ қиындық қайраттандырды, бірлікті бекемдеді. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап волонтерлер қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетті.
Бірлік бар жерде, тірлік бар. Бұл нақылды Вячеслав Вавилин тек естіп қана қоймай, оған сан мәрте көз жеткізген. Құтқарушы болып қызмет ететін оның командасы осы жылы шахтада су басқан жұмысшыны құтқарды. Қазақтар мен орыстар, немістер мен татарлардан құралған құтқарушылар тобы екі тәулікке жуық арпалысып, ақыры адамның өмірін ажалдан арашалап қалды.
Вячеслав Вавилин, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері орталық штабы ШҚО филиалының директоры:
- «Түрі сары, көзі көк, айтып тұрған сөзі көп» деп жүрмеңіздер! Менің нәсілім орыс болса да, «Қазақпын» деп айтуды мақтан етемін. Бұған дәлел ретінде мен төрт балама қазақша ат қойдым. Сафия, Мұхаммед, Адам және 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі күні дүниеге келген кенже баламды «желтоқсан» сөзінің мағынасын беретін Жәди есімімен атадым.
Юлия Лагуткина. Украин қызы Абайды сүйіп оқиды. Жұдырықтай қыз мінберде тұрып, ағынан жарылды.
Юлия Лагуткина, «Оберег» украиндар қоғамының жастар қанатының мүшесі:
- Бүгінгі күн кейбір жастар жайлы жерді шетелден іздейді. 2014 жылы менің туған ағам да Ресейге көшіп кетті. Мені мектепті бітірген кезімде қасына алғысы келіп, Томскіге оқуға шақырды. Алайда мен бармадым. Өйткені менің туған жерім – Қазақстан! Өз Отанымда тұлға ретінде қалыптасып, еліме титтей де болса пайдамды тигізгім келеді.
Пандемия дәрігерлер үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де нағыз сынақ кезеңіне айналды. Жаңа технология, қашықтан оқу. Мұндайға бейімделу мұғалімдер үшін де оңайға түсіп отырған жоқ, бірақ оқушылар сапалы білімнен қол үзіп қалмауы тиіс. Мектебінде 17 этностың балалары оқитын мұғалім Наталья Дементьева ұсыныс айтты.
Наталья Дементьева, Көкшетау қалалық «Техникалық лицей» мемлекеттік мекемесінің директоры:
- Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз ашқан «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті біздің балаларымыз үшін айтулы қадам болды. Мен мұғалім ретінде Назарбаев Университетінің базасында республикадағы барлық мектептегі дарынды балалармен қашықтықтан жұмыс істеу бағдарламасын енгізу туралы ұсынысымды айтқым келеді. Бұл біздің мыңдаған дарынды оқушымыз үшін, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын балалар үшін өте қажет.
Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп. Күлтегіннен қалған өсиет қай заманда да өзекті. Ел іші тату болса, береке кіреді. Бейбітшілік бар жерде, экономика өркендейді, саясат салмақты болады.
Құбылмалы әлемде ешқашан өзгермейтін бір құндылық барын Елбасы ылғи айтады. Ол – қоғамдағы бірлік пен ұлтаралық келісім. Осы құндылықты кейінгі ұрпаққа аманаттау – парыз. Әсіресе қазіргі алмағайып тұста елдің ішкі бірлігі бағалы.
Жиын барысында ҚХА төрағасының жаңа орынбасарлары таныстырылды. Енді орынбасарлық міндетті «Kazakh TV» арнасының директоры Майя Бекбаева мен Алматы облысы Ұйғыр мәдениет орталығының жетекшісі Закиржан Кузиев атқаратын болады.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Қорған Төреқожа, Гүлжан Марқабаева