«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламасының жобасын талқылады
Тіпті олардың болашақта шет мемлекеттерге шығуын заңмен шектеу керек. Сонда ғана шетел асқан қаржы Қазақстанға қайтады. Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Ақ жолдықтар» осындай ой айтты. Партия өкілдері «Нұр жолы» кедендік өткізу пунктінде болып, жүк көліктерін «Қазақстан-Қытай» шекарасынан өткізу тәртібімен танысты.
«Алаш идеясын» ілгерілету, парламенттік басқаруға көшу, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік ахуалды жақсарту, әділ сайлау өткізу, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау. Бұл – «Ақ жолдықтардың» сайлауалды бағдарламасының жобасы. Партия өкілдері Алматы облысында бас қосып, қараша айының 20-сы күні өтетін 16-шы құрылтайына делегат сайлады.
«Еліміздегі дәулетті азаматтардың шетелдік банктерде сақталған 180 миллиард доллары Қазақстанның игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Халықтың қаржысын жымқырған жемқорлардың болашақта шетелдерге шығуына заң тұрғысынан жол бермеуіміз керек», – дейді партиялықтар.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
– Біз осындай әрекеттерге, әрине, кедергі салуымыз керек. Егер тіпті жемқорлыққа шықса да, бұл жемқорлар оларға егер шетелдерге шығуға мүмкіндік бермесек, олар сол ақшаны елге қайтаруға мәжбүр болады ғой. Бірақ бұл әлі идея ғана. Оны, әрине, біз дұрыстап пысықтауымыз керек.
Партия өкілдері «Нұр жолы» кедендік өткізу пунктінде болып, жүк көліктерін «Қазақстан-Қытай» шекарасынан өткізу тәртібімен де танысты. Шекарадан өте алмай, кезек күтіп тұрған жүргізушілер «Ақжолдықтарға» арыз-шағымдарын айтты.
Мұрат Өксікбаев, жүк тасымалдаушы компания өкілі:
– Алдын көре алмаймыз компьютердің, иә артын көре алмаймыз. Бір список тұрады, әйтеуір мен 41-ші болып тұрмын ба, әлі 41-ші болып тұрмын. Вообще жылжыған да жоқ бір орыннан. Қанша болды сіздің тұрғаныңызға? Менің 10 машинама 84 күн болды.
Көлік логистикалық орталығының мамандары электронды кезек жүйесінің асығыс жасалғанын және оның жетілдіруді қажет ететін тұстары көп екенін мойындады.
Ерлан Диханбаев, Көлік логистикалық орталық басшысы:
– Иә, электронды кезек жүйесі өте асығыс жасалды. Қазір біз оны жетілдіріп жатырмыз. Ол жуық арада дұрыс жұмыс істей бастайды.
Ғабит Оразов, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:
– Қазір Қытай жағынан пандемияның болуына байланысты санитарлық нормаларды күшейтті. Сондықтан күніне бұдан бұрын 200-ден астам автокөлік кірген болса бір бекеттен, қазір 50-60 автокөлік кіруде.
Электронды жүйеде 7 мың көлік кезекте тұр. Жүргізушілер күніне 15-17 көліктен ғана өтетінін айтып, партия өкілдерінен көмек сұрады. «Ақ жолдықтар» Нұр-Сұлтанға барған соң аталған мәселе бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов