Тұңғыш Президент күніне орай жаһандық қарусыздану тақырыбында конференция өтті
Бірақ дамудың даңғыл, көзқарастың түзу болмағы көшбасшыдан. Әлемдік сарапшылар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінде ғана емес, бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін атқарған еңбегін ерекше құрметтейді. Тұңғыш Президент күніне орай, жаһандық қарусыздану тақырыбында халықаралық онлайн конференция өтті.
Әлемдегі ең ірі үш державаның екеуі іргемізде жатыр. Одан қала берсе жаһандық дағдарыс, әр жерден жиі қылаң беретін экстремизм, террористік әрекеттер, алпауыт елдер арасындағы саяси текетірес, тізбелей берсең таусылмайтын осы ылаңдар талай мемлекеттің іргесін шайқады. Құтын қашырды. Мұндай сәтте Қазақстанның сыртқы саясаттағы оң шешімдері мен батыл қадамдар ғана елдің қауіпсіздігі кепіл бола алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Мен сыртқы саясаттағы жұмысымның көбін ядролық қарудан азат әлем құру жолына арнадым. Өйткені Қазақстан – ядролық қару сынағының қайғы-қасіретін сезіне білген мемлекет. Семейдегі полигоннан менің 1,5 млн-ға жуық отандасым зардап шекті. 1991 жылғы 29 тамызда менің жарлығыммен әлемдегі ең ірі полигондардың бірі жабылды. Кейін басқа мемлекеттер де өз полигондарын жапты. Осылайша менің елімнің үлгісін басқа елдерде де қолдап, бұл бастама жаһандық сипатқа ие болды.
Қазақстанның жаһандық антиядролық қозғалыстағы ерекше рөлі мұнымен шектеліп қалмады. 2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Ал Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Елбасы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялады. Құжатта ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып-жоятын қару жасауға пайдалану түбегейлі тыйылсын деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Рузвельт өз сөзінде: «Істеген ісіңе сенсең, оның өзі шаруаның жартысын еңсергенің», – дейді. Менің ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық көшбасшылар альянсын құру туралы бастамамды көбіңіз қолдадыңыздар. Сол үшін алғысымды білдіремін. Мен Жер шары ерте ме, кеш пе ядролық қарудан босайтынына, менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестімнің басты міндеті орындалатынына сенімдімін.
Тәуелсіздік алған кезде-ақ Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздік сыртқы саясаттың басты басымдығы болатынын жария етті. Ұстанымнан тайған жоқ.
Данило Тюрк, Мадрид клубының президенті және Словенияның экс-президенті:
- Қазақстан – салыстырмалы түрде алғанда шағын ел. Бірақ соған қарамастан әу бастан батыл дипломатиялық бастамаларды көтеріп келеді. Осының арқасында тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің тамаша үлгісі, осыны бағалаған жөн.
Тұңғыш Президент әлемнің қауіпсіздігі үшін қосқан қомақты үлесін бүгінде бәрі оң бағалайды. Әлем бұл бастамалар әрі қарай да сәтті жалғасады деген үмітте.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Ентебеков