Бақытжан Сағынтаев: Базалық салаларда 4-11% өсім болды
Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында 4-тен 11% дейін өсім болды. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев көпшілікке есеп берді, осылайша жылды қортындылады. Айтпақшы, Алатау баурайындағы алып шаһардың экологиялық ахуалы да биыл жақсара түскен.
Пандемия алматылықтардың да қалыпты өмір салтын бұзды. Бүгінге дейін қалада індет жұқтырудың 16 мыңнан астам дерегі тіркелді. Науқастардың 90% емделіп шыққан. Қажеттілікке орай үш жаңа инфекциялық стационар салынды. Қазір пандемияның екінші толқынына 7 мың жатын орын дайындалған.
Карантиндік ахуалды реттейміз деп жүргенде экономиканың зардап шекені көпке мәлім. Осы екеуінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету әкімдік үшін басты мәселеге айналды. Табысы төмендеген негізгі сала – сауда мен көлік.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Экономикалық өсім базалық салаларда атап айтсақ, өнеркәсіпте 4,3% өсу қамтамасыз етілді. Құрылыс 11,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру 3,6%, байланыс қызметтері 8% артты.
Талдаулар қаланың тіршілігін тез арада қалпына келтіру мүмкіндігі сақталғаннын көрсетті. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 77 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Оның жартысына жуығы тұрақты.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 102 млрд теңгеге 556 жобаға қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 66 жоба мақұлданды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша биыл 228 жоба орындалуда.
Әкім өз есебінде 300 шақырым су құбыры мен кәріз желісі салынғанын атап өтті. Ал жыл соңына дейін қала шетіндегі 1400 көше жарықтандырылады. Қаланың екінші жылу электр орталығын табиғи газға ауыстыру нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдық алты есе төмендейді.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы