Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады
Бұл дәстүр биыл да бұзылған жоқ. Мысалы, павлодарлық машинист Ақордадан Президенттің қолынан ең жоғарғы атақ – «Қазақстанның Еңбек Ері» марапатын алып шықты.
Президент еліміздің мерейлі белеске жақындап келе жатқанын айтып, келер жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Мәртебелі марапат тағы кімдерге бұйырды?
«Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз», – деп бастады Президент баяндамасын. Бұл мерейлі белестің артында күллі қазақстандықтың ерен еңбегі жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы бүгінгі жиында келер жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр.
Қазақстанда 20-ға жуық мемлекеттік марапат бар десек, солардың ішіндегі ең жоғарғы атақ – Қазақстанның Еңбек Ері. Соның бірі – павлодарлық машинист Мұрат Қайыргелдин. Ол «Восточный» көмір кенішінде 1985 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Роторлы экскаваторда айына 700 мың тонна көмір өндіріп, рекорд орнатқан нағыз еңбек адамы.
Мұрат Қайыргелдин, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Мен үшін бұл – үлкен құрмет. Бұл награда жалғыз менікі емес. Ұжымның наградасы деп есептеймін. Мемлекет басшысы ретінде біз сияқты қарапайым адамның еңбегін бағалап, зор құрмет көрсетіп жатқаныңызға шын алғысымды білдіремін!
Президенттің қолынан медаль алғандардың бірі – Сәуле Ахметжанова. Жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Сәуле Ахметжанова, «Құрмет» грамотасының иегері:
- 38 жыл медицина саласында қызмет еткенімді елеп, ескеріп осындай Президенттің қолынан «Құрмет» грамотасын алу – мен үшін үлкен мәртебе.
300-ден аса ән сөзінің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медальмен марапатталған ақын Шөмішбай Сариев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ұлы Абайды ұлықтаған жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болудың мән-маңызы зор. Әдебиет пен өнер саласындағы ең таңдаулы шығармалар үшін берілетін жоғары марапат биылдан бастап ұлы ақынның атымен аталатын болды.
Серік Ақсұңқар, «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Абай – Алаштың алып рентгені. Атқан сайын күн күліп, келген сайын жаңғырып, ұлы Абайдың алдында Алашың да мәңгілік!
«Хабар» телеотбасы үшін де марапат жауған күн болды. Ұжымның үш бірдей қызметкері Президенттің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Юлия Кушнарева, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері:
- Көпшілік алдында көкейімдегі алғысымды білдіргім келеді. 20 жылдық журналистика саласындағы ұстанымым – қазақ тілі үшін аянбай еңбек етіп, елімнің патриоты болу. Бүгінгі марапат ең үлкен баға деп білемін.
Еңбек пен ерлік. Бұл екеуі ұштасса, ұшпаққа шығарады. Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да салалардың 94 еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды.
Сондай-ақ әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы «Даңқ», «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдерімен марапатталды.
Бүгінгі марапат – кешегі ерен еңбек. Президент марапат иелерін құттықтай келе, мақсаттың ортақ, міндеттің бір екенін ескертті. Президенттің пікірінше, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек. Сонда ғана төртінші онжылдықтағы жаңа міндеттерді еңсеру әлдеқайда оңай болады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков