ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау басталды
Таңғы сағат 07:00-ден бастап Қазақстанның тоғыз облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарына дауыс беру басталды. Қазақстандықтардың алды өз таңдауын жасап та үлгерді.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Таңғы сағат 07:00-дегі жағдай бойынша 12 өңірде 8141 сайлау учаскесінде дауыс беру басталып кетті. Сондай-ақ 12 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелері ашық тұр. Әрине, бұл сайлаудың бұрынғылардан өзгешелігі қатаң карантиндік шаралар аясында өтіп жатыр. Біз тұрған мына баспасөз орталығында журналистердің қарасы бұрынғыдай аса көп емес. Бетперде, арақашықтық сақтау секілді шектеулер қатаң бақылауда. Жалпы мұндай сақтық шаралары барлық сайлау учаскесінде де сақталатынын айта кету керек.
Сонымен биылғы конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген бес саяси партия түсіп отыр. Nur Otan, «Ауыл», «ADAL», «AQ JOL» және «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынып отыр. Мәжіліске бес партиядан барлығы 312 кандидат, ал жергілікті мәслихаттарға 832 үміткер ұсынылған.
Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Басталғанына екі сағат болса да, таңдауын жасауға келгендердің қарасы аз емес.
Асылбек Смағұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес бес өңірде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 07:00-де басталды.
Бұған дейін айтқанымыздай, шетелдегі елшіліктер жанындағы да дауыс беру учаскелері жұмыс істеп тұр. Бізге келіп түскен ақпарат бойынша, шетелдегі қазақстандық азаматтардың да алғашқысы дауыс беріп үлгерген. Ең бірінші болып Кореядағы қазақстандық студент дауыс беріпті. Айтпақшы, тағы бір айта кетерлігі елордада қоғамдық көліктер тегін жүріп жатыр.