Ел аумағы бойынша сайлаушылардың 11,6% дауыс беріп үлгерді
Дауыс беру саны бойынша қай өңір халқы алда келе жатыр?
Шынар Асанқызы, тілші:
- ОСК соңғы мәліметті осыдан екі сағат бұрын жариялаған болатын. Уақыт айырмашылығына байланысты бес аймақта Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында сайлау өзге өңірлерден бір сағат кеш басталды. Сонымен дәл қазіргі уақытта республика бойынша барлық сайлау учаскесі толығымен жұмысын бастады.
Сайлаушылар тізімінде 11 915 903 сайлаушы бар. Яғни осынша адам бүгін дауыс беруге міндетті. Сағат 10:00-дегі мәлімет бойынша олардың 11% астамы сайлау учаскесіне келіп үлгерді.
Аймақтардың арасында СҚО ерекше белсенділік танытып тұр. Мұндағы сайлаушылардың 15% өз таңдауын жасап үлгерді. Алғашқы үштікте Павлодар облысы мен Шымкент қаласы да бар. Мұнда да халықтың 14% дауыс беруге келді. ОСК ұсынған мәлімет бойынша саяси белсенділігі бәсең өңірлер де анықталды. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында сағат 10:00-ге дейін халықтың 8-9% ғана дауыс беріп үлгеріпті.
Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру карантиндік сақтық шаралары аясында жүргізіліп жатқанын бұған дейін де айттық. Сайлау комиссиясы мүшелері мен байқаушылардың бәрінде ПТР тестінің қорытындысы бар. Дауыс беруге келген адамдардың дене қызуы міндетті түрде тексеріледі. Егер дене қызуы болса, онда жалпыға ортақ сайлау учаскесіне кіре алмайды. Жергілікті жауапты органдар олардың жеке дауыс беруіне жағдай жасауы тиіс. Сондай-ақ бүгінгі саяси науқанды бақылауға 398 байқаушы тіркеліпті.