Мәжіліс төрағасы Н. Нығматулин депутаттық корпус жұмысының басым бағыттарын атады
Парламенттің 1-сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттерге тоқталды. Мәжіліс спикері депутаттық корпус алдында Әлеуметтік кодекс және іскерлік белсенділік пен бәсекелестікті ынталандыру арқылы, жеңілдетілген салық заңнамасы жобасымен жұмыс жасау міндеті тұрғандығын атап өтті. Кәсіпкерлікті заңнамалық қолдау механизмін әзірлеу, оған қоса елімізде өңдеу өнеркәсібін өркендетуге сеп болатын өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын қарап, сүзгіден өткізу – маңызды мақсаттардың бірі. Мәжіліс төрағасы қоғамдық бақылау туралы құжаттың да ел өмірі үшін өзекті жоба екенін айтты. Адам құқының мүлтіксіз қорғалуы үшін парламентарийлер омбудсмен жайлы заңнаманы да қарап, пысықтауы тиіс. Заңнамалық жұмыс ашық әрі мемлекеттік органдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі толықтай ескеріліп жүргізілмек. «Басты мақсат – Елбасының стратегиялық бағыты мен Президент айқындаған міндеттерді сапалы заңнамалық қолдау», – деді Мәжіліс төрағасы.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар ең алдымен халықтың өмір сапасын білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жоспарға сәйкес өз уақытында халыққа қажет, пайдалы заңдар қабылдау.
Мәжіліс депутаттары өзге мемлекеттермен қарым-қатынаста Қазақстан мүддесін қорғайтын халықаралық шарттар туралы құжатты мақұлдады. Сондай-ақ мәжілісмендер Қазақстан мен Корея арасында сотталған адамдарды беруге қатысты жобаны да құптады. Елге қайтарылған адам Корея сотының үкімі бойынша жазасын өтейді. Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары үйлеспесе, онда сот үкімі еліміздің заңда көзделген жазаға сай шешім шығарады. Алайда оның ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауы тиіс. Бүгінде Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Бізде Кореяның бір азаматы жазаға тартылған.