Депутат зейнетақы жинағын пайдалану ережесінің дайын еместігін сынға алды
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Үкіметті сынап, Премьер мен Ұлттық банк төрағасына сауал жолдады. Жыл басында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойғанымен, Үкімет зейнетақы төлемдерін пайдалану механизмін әлі қабылдаған жоқ. Бұл ережені 761 мың азамат күтіп отыр, көпшілігі тіпті үйді таңдап та қойған. «Құжат әлі күнге кеңселерде серуендеп жүр», – деді депутат. Оның айтуынша, ашық порталдардың бірінде Үкімет атына халық тарапынан 900-ден астам ескерту мен шағым түскен.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген азамат бес жыл бойына тұрғын үй сатуға қойылатын шектеудің енгізілуіне наразы. Бұл ретте олардың басқа өңірге, қалаға көшуі, тұрғын үй жағдайларын одан әрі жақсарту ниеті ескерілмейді. Президенттің тапсырмасын және ел азаматтарының үмітін есепке алып, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бойынша тиісті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды жеделдетіп, оларды қаңтар айының соңына дейін қолданысқа енгізуді сұраймын.