Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыратын жол картасы талқыланды
Онда партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін Елбасының бастамасымен әзірленген жол картасының бағыттары талқыланды.
Жиынға бейнеконференция арқылы Үкімет басшысы, партия төрағасының бірінші орынбасары және Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары қатысты.
Арнайы жол картасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген. Бес жылда талай шаруаның басы қайырылмақ.
Халыққа қажеті – үй мен күй. Бес жылда бір млн жуық отбасыға жететіндей баспана салынбақ, 284 мыңы жеңілдікпен берілмек. Бес жылда 800 мектептің құрылысы салынбақ, шағын және орта бизнеске жұмылдырылғандар саны төрт млн жеткізілсе, дәрігер, мұғалімдердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы еселеп өсірілмек.
Бұл міндеттер Мәжіліс депутаттары, Үкімет, орталық аппарат бірлесе әзірлеген жол картасында ап-анық көрсетілген.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Педагогтардың жалақысы 2023 жылға қарай екі есе, 330 мың теңгеден аса артады. Орташа жалақы жыл сайын кемінде 25% өседі. Жұмыс істейтін жастар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жыл сайын үш мың жалдамалы пәтер беріледі. Ортақ зейнетақылар жыл сайын инфляция деңгейінен 2% асырылып, индекстеліп отырады. Нәтижесінде, 2025 жылы ортақ зейнетақы мөлшері 37% өседі.
Осы сынды қолдаулардың бәрін жүйелейтін әлеуметтік кодекс биыл әзірленбек. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл әр көрсеткіш бойынша нақты тексерілген индикаторлары бар іс-шаралар жоспары екенін атап өтті. Барлығы жол картасы сайлауалды бағдарламасының төрт бағыты бойынша 362 іс-шарадан тұрады. Кезең-кезеңімен орындалатын әрқайсысына қаржы қарастырылған. Басым бөлігі халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған, экономиканы нығайтып, өңірлерді дамыту мақсаты да айқын.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Бұл «Жол картасы» әрбір облысты, әрбір ауданды әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Алға қойған міндеттерді ашық, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі онда Партиямыздың Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе әлеуметтік сұрақтарды шешудің нақты шаралары көрсетілді. Енді осы «Жол картасын» Мәжілістің Nur Otan фракциясы қатаң бақылауға алады.
Иә, партияның сайлауалды міндеттемелерін орындауды қатаң бақылау қолға алынды. Ол үшін Үкімет, Nur Otan фракциясы және партияның орталық аппаратынан үйлестірушілер белгіленген. Жол картасының барлық бағыты Мәжілістің бейінді комитеттеріне бөлініп берілген, әр пунктіне жауапты депутат бекітілген. Мәжіліс спикері жұмыстың жүйелілігін нығайта түсу үшін жол картасының орындалуы туралы нақты ақпарат беруге бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері де белсене араласуы қажеттігіне тоқталды. Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері – депутаттар жол картасын қолдап отыр. Кей заң жобалары бойынша жұмыс басталып та кетті.
Берік Оспанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тартумен және нысандарын әзірлеумен, сондай-ақ 70 мыңға жуық отбасылық шаруашылық құру жолымен жалпы алаңын 2.2 млн гектарға жеткізе отырып, 600 мың гектар суармалы жерді игеру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тек дәнді және майлы дақылдарға ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін сатып алу кеңейтіледі.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Таяудағы бес жылда 800 жаңа мектеп салу есебінен апаттық және үш ауысымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешу қарастырылып отыр. Бұдан өзге бірыңғай білім беретін онлайн платформа енгізіліп, ауыл мектептерін жоғары жылдамдықтағы интернетке қосу, балалар үйірмесін ашу, жалпы жаратылыстану пәнді кабинеттерді ашу арқылы ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтығын мейлінше қысқарту қолға алынды.
Депутаттар қазір өңдеу секторын дамытып, отандық тауар экспортын арттыруға мүмкіндік беретін өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын қарау үстінде. Бұдан бөлек, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік басқару, құқық қорғау, сот жүйелерінің реформаларын заңнамалық қамтамасыз ету міндеті де тұр.
Авторы: Индира Жылқайдарова