Елдегі заңдар басқаша қабылданатын болады
Өзгерістердің мәнін түсініп, асықпай жұмыс жүргізу үшін кем дегенде 60 күн уақыт берілуі тиіс. Сенаторлар қабылдаған норма шығармашылықты жетілдіретін заң қоғамның заң шығару процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, азаматтар заң жобаларын талқылауға оны құрудың алғашқы кезеңдерінде қатыса алады. Қоғам өкілдері, сарапшылар мен заң жобасы бастамашыларының бірлескен жұмысынан кейін ғана заң түзілетін болады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы құжат қоғамның заң шығару процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады. Сондай-ақ әзірленетін заңдардың сапасын арттыруға, олар бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қабылданған заңдардың орындалуын бақылауға арналған тетіктер анықталады.
Сенаторлар уран өндірісі туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Бұл құжат бір топ Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Алайда сенаторлар Президент тапсырмасына сай жобалау құжаттары мен уран кен орындарын игеру талдауына тәуелсіз сараптама операторын құруға қатысты ережелерді алып тастауды ұсынды. Ал жалпы құжатқа сай енді уран өндірушілер өз жұмысының зардаптарын жою жоспарларын алдын ала ойластыруға міндетті. Бұдан бөлек барлаудан кейін кен орнында кордың көп екенді анықталса, жер қойнауын пайдаланушылар өз табысының бір бөлігін өздері игеріп жатқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттауға міндетті болады.