Үкімет отырысы: тұрғын үй саясатындағы өзгеріс
Бұл жайында Үкімет отырысында айтылды. «Осылайша алдағы уақытта бұл банктің негізгі ұстанымы – баспанаға қолжетімділікті арттыру», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Риат Шони, тілші:
- Елдегі тұрғын үй саясатында үлкен өзгеріс болғалы тұр. Қазіргі таңда баспанаға қол жеткізе алмай, пәтер жалдап тұрып жатқандар жетерлік екені анық.
Үй алу кезегінде тұрғандардың саны жыл сайын шамамен 50 мыңға дейін артып отырады. «Осылайша бүгінде көптен күткен қоныс тойын тойлауды асығып жүрген азаматтардың қатары 548 мыңға жеткен», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Кезекте тұрғандардың дені көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар жанұялар мен өзге де әлеуметтік аз қамтылғандар екен.
Табысы төмен болғаннан кейін құны шарықтап тұрған баспанаға бұл жандардың қол жеткізу мүмкіндігі өте қиын екендігін айтпаса да түсінікті. Енді бұл түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрғандардың барлығын «Отбасы банкіне» ауыстыру жоспарланып отыр.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- «Отбасы банкі» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрылады, ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың» базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланатын болады. Базаға қайта енгізуге жол берілмейді, азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады.
Риат Шони, тілші:
- Тағы министрлік жалға берілетін үйлер пулын құруды жоспарлап отыр. Тұрғын үй қорын басқаратын және жалға алушылармен шарттар жасасатын бірыңғай оператор ретінде «Отбасы банкі» ұсынылды. Пулдың тиімділігі неде?
Егер сіз баспана алу кезегіне тіркеліп, пәтер жалдап тұрсаңыз, мемлекет төлемнің бір бөлігін субсидияламақ. Жәрдемақы көлемі Нұр-Сұлтан қаласы үшін 31 АЕК, ал өзге өңірлер үшін 21 АЕК мөлшерінде болмақ.
Премьер-Министр Асқар Мамин осы және өзге де өзгерістерді пысықтап, 25 наурызға дейін заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді бір адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша біз 1 млн-ға жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз.
Үкіметте қаралған мәселелердің тағы бірі – көктемгі су тасқынына дайындық. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің сөзінше, 2017 жылдары 900-ден астам елді мекен тасқын астында қалу қауіпінде болатын. Арнайы жол картасы мен тиісті шараларды іске асырудың арқасында олардың саны едәуір азайған. Дегенмен әлі де болса 276 елді мекенге қызыл су қауіп төндіріп тұр. Бұл шамамен 270 мың адам.
Осы ретте Үкімет басшысы өңір әкімдері мен жауапты мамандарға қар шығару, арықтарды тазарту, бөгеттерді тұрғызу жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырды.
Авторлары: Риат Шони, Серік Қоңырбаев