Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысы өтті
Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне қатысты қауесеттерге нүкте қойды. Президент бұл шешімін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында айтты. Жалпы құрылған 1,5 жыл ішінде Ұлттық кеңес нақты шешімдер жарияланатын ортаға айналды. «Алқалы жиын ауқымды өзгерістердің қозғаушысы ретінде қалыптасты», – деді Мемлекет басшысы. Осы уақыт ішінде Ұлттық кеңестің ұсынысымен 13 заң қабылданса, тағы тоғыз заң жобасы әзірленіп жатыр.
Ұсыныс сосын шешім. Мұндай механизммен біздің күрделі қоғамда жұмыс істеуге болатынын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі көрсетіп берді. Бір ғана мысал. 13 ақпаннан бастап қазақстандықтардан жүргізуші куәлігін көрсету талап етілмейді. Яғни қазақстандықтар жолдағы қағазбастылықтан құтылды. Ал бұл ұсынысты Ұлттық кеңестің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің екінші отырысында айтқан. Мұндай нақты шешімдер елдегі реформалдарды жеделдете түседі. «Ал бұл ретте жалтақтаудың қажеті жоқ», – деп кесіп айтты Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін, не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырған жоқпыз. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз. Басты мақсат – еліміздің күш-қуатын, әлеуетін нығайту және ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді шешімдер қабылдау. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.
V отырыс Ұлттық кеңестің мүшелері белсенді. Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, саяси реформалар жөніндегі топ онлайн петицияны заңдастыру, ауыл әкімдерін сайлау механизмдері мен БАҚ туралы жаңа заң жобасын жасауға атсалыспақ. Президент бәрін тыңдады. Сосын өз ұсынысын айтты. Біріншісі, баспана. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дейтін қазақ үшін бұл мәселе әлі өзекті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2% өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40% тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек.
Президент: «Ауылдық жерде де баспана салу қажет», – деді. Бұл жастарды ауылда қалдыруға әрі қажет мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Әсіресе аймақтарда мұғалім мен дәрігер тапшы. Қазақстандық мұғалімнің мәртебесі де, жалақысы да артты. Енді болашақ дәрігерлерге ден қою қажет. Президент медициналық оқу орындарындағы студенттердің стипендиясын көбейтуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет.
Отырыста Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта жасау мәселесіне жеке тоқталды. Мойындау керек, біздің қоғамда олар үшін кедергі тым көп. Оның үстіне Қазақстанда ерекше күтімді қажет ететін балалардың саны көбейіп барады. Ал олардың денсаулығын оңалтатын мекемелерге кезек күту мерзімі тіпті жарты жылға созылады. Арбаға таңылған азаматтар үшін де үйден шығу бір мұң.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет. Бірыңғай ақпараттық база құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа?!
Президент қазақстандық жастардың тағы бір мәселесін көтерді. Ол – ойынқұмарлық. Бейресми деректерге сүйенсек, ел аумағында орналасқан букмекерлік кеңселердің жылдық ақша айналымы 200-250 млрд теңгені құрайды-мыс. Ойын мекемелеріне берілетін рұқсатнама мерзімі он жыл болса, сол лицензияның құны бар болғаны 1 млн 616 мың теңгеге тұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынады. Шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек.
Біздің қоғамның тағы бір проблемасы – әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық. Жыл сайын 2,5 мың қазақстандық әйел зәбір көреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен ғана шешу мүмкін болып тұр. Сонымен бірге осындағы маңызды рөл Ішкі істер министрлігінің 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімдеріне жүктеліп отыр. Алайда кезінде олардың штаттық санының жартысына жуығы қысқарып қалған. Сонымен қатар бұл қызметкерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі кездесетін өңірлерде қысқарған. Бұл проблеманы кеңестің алаңында әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова көтерген еді. Ішкі істер министрлігіне мүмкіндігінше зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балаларды қорғау бойынша арнайы бөлімнің штат санын қалпына келтіруді тапсырамын.
Биыл 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни 800-ге жуық елді мекен алдағы тамыз-желтоқсан айлары аралығында әкімдерін тікелей сайлайды. Бұл елдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде аудандарда сайлау өткізу халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ. Сондықтан құзырлы мемлекеттік органдарға қажет дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.
Президент бүгінгі отырыста айтқан ұсыныстарын түйіндей келе, жерге қатысты шешімін жария етті. Шетелдіктерге жер сатылмайды, жалға да берілмейтін болды. Осылайша бұл тақырыптың нүктесін қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын.
Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастаған. «Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды», – деді Президент. Айтатын алаң бар, еститін мемлекет құру жолындағы жұмыстар жалғаса береді. Тек соны көріп қана қоймай, түсінетін де қоғам керек.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев