Мәжіліс квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатқа сай, тапсырыс беруші тасымалдаушыға қаражатты 30 күн ішінде төлеуі тиіс. Бұған қоса тауарлардың бірыңғай электрондық дүкені пайда болмақ.
Осы күнге дейін квазимемлекеттік секторға қарасты компаниялардың сатып алулары әртүрлі заңмен, ішкі ережемен бекітіліп келді. Енді жаңа құжатта бірыңғай нормалармен реттелмек. Президент бір көзден сатып алуды мейлінше қысқартуды тапсырды. Мәжіліс депутаттары квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері туралы заң жобасын қарау барысында осыған назар аудартты.
Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында бір көзден сатып алу қалдырылған. Бірақ оны қысқарту немесе оған енетін негіздемелер құжатта көрсетілмеген. Бір көзден сатып алу үлесін қалай қысқартпақсыздар?
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Барлық талап пен механизмді нақты белгілейміз. Мәселен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бір көзден сатып алу үлесін соңғы 3 жылда 87%-тен 21%-ке дейін азайтты. Ал квазимемлекеттік сектордың басқа да кәсіпорындары бойынша 40% дейін азайтылды.
Осы тұста Мәжіліс Төрағасы квазимемлекеттік субъектілердің сан салалы болатынын, олардың қызмет ерекшеліктерін ескеру қажет екенін атап өтті. Ресми келтірілген дерек бойынша, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі соңғы 3 жылда сатып алулардың 98%, «Қазақ туризм» Ұлттық компаниясы тіпті 100% бәсекелестік емес жолмен бекіткен. Ал ережелерді Үкіметпен кеңесіп жасаған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бір көзден сатып алу үлесін 21% азайтқан. Мәжіліс спикерінің айтуынша, жаңа заң тек Ұлттық әл-ауқат қоры ғана емес, басқа да 253 ұлттық компания мен оның еншілес кәсіпорындарының сатып алуларын реттейді. Ал бұл компанияларда сатып алудың жалпы құны – 3.5 триллион теңге. Сонымен қатар депутаттар тауар құнын төлеу уақытын заңға енгізуді сұрады.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Құжатқа түсіндірме жазбада тапсырыс беруші тасымалдаушыға 30 күн ішінде қаражатын төлеуі тиіс екені көрсетілген. Бірақ заң жобасына енгізілмепті. Төлемге байланысты қызметкерлердің жалақысы, салық өтеледі, сондықтан талапты заңмен белгілеу қажет.
Құжатқа сай, сатып алу кезінде ұлттық компаниялар мен холдингтер тек заң нормаларына ғана емес, өз ережелеріне де сүйенуге құқылы. Депутаттар заң жобасы барлық квазимемлекеттік секторды қамтымайтынын да айтып, өз ұсыныстарын жолдады.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қаржы министрлігі сатып алуларды бақылауды өзіндік жолмен шешкен. Ұлттық компаниялар орталық қызмет жұмысының тәртібін анықтайды делінген. Яғни нені бақылап, нені тексермеу жағын компаниялар өздері бекітпекші. Саладағы жемқорлық тәуекелдерін ескере отырып, мұны ақылға сыйымсыз деп санаймыз.
Яғни ұлттық компаниялар бақылау тәртібін өздері белгілемеуі тиіс. Олар мемлекеттің қаржысын жұмсап отырғандықтан, оларды тәуелсіз қызмет немесе мемлекеттік аудит тексеруі қажет. Құжат екінші оқылымға дейін толықтырылмақ. «Заң жобасы қабылданса, саладағы сатып алулар ашық әрі тиімді атқарылуы тиіс», – деді депутаттар.
Авторы: Индира Жылқайдарова