Мәжіліс биыл 106 заң жобасын қарады
Мәжіліс 2024 жылғы жұмысын қорытындылады. Палата төрағасы Ерлан Қошанов биылғы жыл біз үшін нәтижелі болды деді. Депутаттар 106 заң жобасын қараған. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заңдар қазірдің өзінде нәтиже бере бастады. Оған қоса жаңа Бюджет кодексі қабылданып, есірткі бизнесімен күрес қатаңдатылды. Бүгінгі жиында да бірқатар әлеуметтік мәселе көтеріліп, заң жобалары қаралды.
Мәжілістің кезекті жиыны осындай қатаң ескертумен басталды. Сынға ұшыраған денсаулық сақтау министрі. Сауал дәрі-дәрмектердің жарнамасын бақылауға қатысты болды.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қорытынды заң жобасында дәл осы дәрілік заттарды рецепті не рецептсіз болсын, жарнамасына тыйым салатын норма алынып тасталған. Жоқ! Сондықтан министр ханым, сізге нақты сұрақ: неліктен және нақты қашан мұндай түзету алынып тасталған және бұл мәселені енді қалай шешпексіздер?
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Дәрі-дәрмектерді жарнамалау мәселесі тиісті тәртіп халықаралық нормаларға сәйкес жасалынған. Рецептурамен берілетін дәрі-дәрмектердің бүгінгі Қазақстан айналымындағы мөлшері 75-78% құрайды. Қазақстанда тіркеуден өткен 7000-нан астам препарат болса, соның 5000-нан астамы рецептурлық дәрі-дәрмек болып табылады. Сондықтан бұл норма әзірше осылай қалады. Қашан алынып тасталғаны туралы ақпаратты мен қосымша беретін боламын.
Депутаттар көтерген келесі мәселе университеттердің оқу ақысы. Жоғарғы оқу орындарының бір жылдық құны қазір 1 млн-нан 9 млн-ға дейін жетеді. Бұған қоса инфляция деңгейіне қарай оқу ақысы жыл бойына тағыда көтеріліп отырады.
Қайрат Балабиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл – ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайына теріс әсер ететін құбылыс. Бұл жағдайды Ғылым және жоғары білім министрлігі қатаң бақылауға тиіс деп есептеймін. Министрлік оқу ақысы 300-400 мың теңгенің төңірегінде болатынын айтса да, университеттер бұған мән берер түрі жоқ.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады. Депутаттар 106 заң жобасын қарапты. Оның ішінде 37-сі қабылданған. 19-ына Президент қол қойды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-2024 жыл еліміз үшін өзгеріске толы, мазмұнды кезеңге айналды. Халықаралық және жалпыұлттық сипаттағы көптеген маңызды саяси оқиғалар болды. Жалпы алғанда депутаттар тарапынан биыл елеулі жұмыс атқарылды. Келер жылы да осы қарқынды сақтауымыз қажет. Ең бастысы, халқымыздың әл-ауқатын арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы әрдайым басты назарда болуға тиіс.
Осы жерде 2024 жылы мәжілісмендер көтерген өткір сұрақтар мен қабылдаған заңдарға қысқаша шолу жасасақ. Жылдың басында ғылым және білім саласындағы заңнамаға толықтырулар енгізілді. Жобада ғалымдар үшін жаңа үстемақы енгізу қарастырылды. Үш жылға жуық талқылаудан кейін хош иісті бу яғни Вейптерді сатуға тыйым салынды. Заңға бағынбағандар үшін айыппұл және 2-ден 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ депутаттар медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған жобаныда мақұлдады. Енді ақ халатты жандарға «Мамандықтың үздігі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі.
Адам саудасы да қазір өткір тұрған мәселе. Орта есеппен жыл сайын елімізде адам саудасына қатысты жүзге жуық қылмыс тіркеледі. Биыл оған қарсы күресті күшейту үшін заң бекіді.
Қазақстандықтар ай сайын алаяқтардың кесірінен млрдтаған шығынға батады. Мәжілісмендер онлайн несие беруді тоқтату туралы бастама көтерді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біздің ұсынысымыз – автоматты түрде келіспеу функциясын енгізу. Тек несие аламын дегендері ғана eGov-қа кіріп, несие алуға дайын екені туралы растау керек. Қазақстанда 20 миллион азамат болса, оның 10 миллионы несие аламын десе, eGov-қа кіріп растай салады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ 10 млн-нан астам азамат па, 5 млн-нан астам азамат па, әсіресе зейнеткерлер, ауылда тұратын азаматтардың артынан ешкім несие алмаушы еді.
Сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да заң қабылданып қатігездікке үндейтін сайттарды бұғаттау күшейтілді. Жыл соңында қабылданғаны Иранмен сауданы арттыру және Түркістанның ерекше мәртебесі туралы құжат. Депутаттар енді атқарылған жұмыстың жай-жапсарын халыққа жеткізу үшін өңірлерге іс-сапарға шығады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов