ТМД аумағындағы ұрланған көліктерді тіркейтін ортақ база құрылды
Еліміздің тәртіп сақшылары ТМД елдерінің аумағында ұрланған көліктерді тіркейтін ортақ базаға қол жеткізді. Бұл туралы Сенат қабырғасында айтылды. Хаттамаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова елдерінің Ішкі істер министрлері қол қойды.
2005 жылдан бастап ТМД аумағында ұрланған темір тұлпарлардың тек 30% ғана иесіне қайтарылыпты. Себебі қазір сұрау салу ісінде айтарлықтай кемшілік бар. Оларды жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Түзетулер ТМД-ға қатысушы елдердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күресте қажет ақпаратты жедел алудағы бірлескен іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұрланған көлік құралдарын қайтаруға бағытталған іс-шаралардың нәтижелілігі артылады деп күтілуде.