Түркі кеңесінің бейресми саммиті онлайн режимде өтеді
Шешім түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің хатшылығына ресми хабарланды. Маңызды кездесудің онлайн форматқа ауыстырылуына эпидемиологиялық жағдай себеп. Саммитке Кеңеске кіретін барлық мемлекет басшысы мен осы ұйым бақылаушысы, Венгрия Премьер-министрі қатысады деп күтіліп отыр. Өткізілетін орын ретінде Түркістанның таңдалуы бекер емес. Екі жылдан бері облыс орталығына айналған қала – түбі бір түркі елдері үшін киелі мекен.
Жалпы осы екі жылда облысты дамыту үшін бірқатар ауқымды іс-шара жүзеге асырылды. Мысалы, индустрияландыру картасы аясында былтыр құны 8.6 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 1620 жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп өндірісін дамыту мақсатында 36 жоба іске қосылып, 1154 жұмыс орны ашылды. Тартылған инвестиция көлемі – 31 млрд теңге.
Өңірде «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы да құрылған. Мұнда инвестициялық құны 425.5 млрд теңге болатын 27 жоба жүзеге асырылуда. Былтыр облыс экономикасына 703 млрд теңге инвестиция бағытталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд теңге болатын 287 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаны жүзеге асыруда өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр.