«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының» төрағалығына Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды
Қорды 2017 жылдан бері басқарып келген Ахметжан Есімовке Елбасы алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев оның басшылығымен қор дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, БҰҰ есебінде халықаралық үздік жиырма қордың қатарына қосылғанын атап өтті. Сондай-ақ Елбасы Есімовтің басқа да маңызды мемлекеттік лауазымдарда жүктелген міндеттерді барынша тиімді орындағанына тоқталды.
Ал Алмасадам Сәтқалиевті Премьер-министрдің өзі таныстырды. Асқар Маминнің айтуынша, Елбасы мен ел Президенті қордың алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Атап айтқанда, еліміздің инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриалдық дамуын қамтамасыз ете отырып, ұлттық экономиканы одан әрі қарыштату.
Бұл межені жаңа төраға еңсеретін секілді. Себебі Үкімет басшысы: «Сәтқалиевтің энергетика саласында жинаған тәжірибесі мол», - дейді. Оның үстіне Алмасадам бұл қызметке кездейсоқ келген жоқ. Осы салада 2018 жылдан бері тер төгіп жүрген соң, жоғары лауазымға лайықты деп тапқан сияқты. Ал бұрынғы төраға Есімовтің ерен еңбегі елеусіз емес. Асқар Мамин оған ел экономикасын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.