Президент Атырау облысында мұнай өндіруді арттыруды тапсырды
Атырау облысы десе әуелі ойға мұнай оралады. Қазақстандық мұнайдың 55% осында өндіріледі. Сондықтан бұл аймақ – республикалық бюджеттің ірі доноры. Дегенмен осы мұнайлы өңірде шешілмеген мәселелер бар, тіпті көп те және олар – жол, жұмыссыздық, су секілді қарапайым проблемалар. Алыстағы Атыраудың осы ахуалы Ақордадан айтылды.
Президент жергілікті билікке жеті тармақтан тұратын тапсырма жүктеді. Соның бірі – мұнай өндіруді арттыру. Президенттің пікірінше, Қашаған кен орнын толық игеру арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға дейін арттыруға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ақпан айында концессионер компаниялардың басшылығымен өткен кездесуде мен Қашағанды 2021 жылдың соңына дейін толық ауқымды игеру жоспарын бекітуді тапсырдым. Үкімет бұл мәселені бақылауда ұстап, мерзімінің созылып кетуіне жол бермеуі қажет. Облыс экономикасын дамытудағы үлкен үміт мұнай-газ химиясымен байланысты. Бұл жерде біз тым артта қалып қойдық.
Президент өңірлерде құрылған арнаулы экономикалық аймақтардың тиімділігін жиі сынға алып жүр. Солардың бірі осы Атырауда. «Ұлттық индустриалды мұнай химиясы технопаркі» тиімді жұмыс істеп отырған жоқ», - деді ол. 2015 жылдан бері онда тек бір ғана жоба іске қосылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымының құрылысы әлі аяқталмаған. 2015 жылдан бері оны дамытуға 162 млрд теңге бөлінген. Бірақ іске қосылғаны – бір ғана жоба. Полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар әлі күнге дейін жүзеге асырылмаған. Өйткені инвесторлар табылмаған және сату нарықтары да айқындалмай отыр. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жобалардың жүзеге асырылуын жеделдетуі тиіс.
Облыста жол апаты жиілеп кеткен. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 69 адам қайтыс болыпты. Президент әсіресе Орал-Атырау тас жолына баса назар аударуды тапсырды. Тап осы күре жолда биыл болған апаттардан 15 бала жетім қалды. Ал жергілікті әкімдік жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 12 млрд теңге сұрап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95% жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек.
Атырау облысындағы эпид-ахуал тұрақсыз. Соңғы бір айда жағдайы ауыр әрі өте ауыр науқастардың саны екі еселеп артқан. Емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық әлі де жеткіліксіз. Білікті мамандардың тапшылығы да жағдайды ушықтырып отыр. Облыста 207 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылдық жерлерге 52 дәрігер қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Коронавирусты жеңудің ең тиімді жолы вакцина салу екенін үнемі айтып келемін. Біз қазір халықтың жаппай вакцина алуын ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жұмыста ірі кәсіпорындар басты назарда болуы тиіс. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге айрықша мән беріңіздер. Тағы бір мәселе, өңірдегі денсаулық сақтау нысандары ескірген. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, көпбейінді аурухана, психикалық денсаулық орталығын және заманауи қалалық емханалар салу мәселесін шешуі керек.
Жайық жылап ағады. Бұл мәселе аз айтылып жүрген жоқ. Оны Президент те айтты. Жайық өзені бастауын Ресей аумағынан алады. Сондықтан өзен аңғарының экожүйесін сақтау бойынша екі ел ортақ бағдарлама қабылдаған. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей жағымен бірлесіп, Жайықты құтқару үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде облыс тұрғындарының бір бөлігі және өңірдегі бірқатар ірі мұнай өндіруші компания Астрахан-Маңғыстау магистралды су құбырының суын тұтынып отыр. Ал ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын құбыр бүгінде 80% тозған. Бұл – бүкіл тұрғынды алаңдатқан, қордаланған мәселе. Оны шешетін уақыт жетті. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына Астрахан-Маңғыстау су құбырын жаңғырту және жаңартуды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Облыстағы 30 ауыл ауызсумен қамтылмаған. Мемлекет басшысының атап өтуінше, биыл өңірде тек жеті ауылды ғана ауызсумен қамту жоспарланып отыр. «Бұл өте аз», - деген Президент алдағы екі жылда бұл мәселені толық шешуді тапсырды. Бұл, түптеп келгенде, азаматтардың денсаулығы.
Атыраулықтардың денсаулығына қатер төндіріп тұрған тағы бір мәселе – экология. Өткен жылы бұл аймақта ауаны ластаудың 160 фактісі тіркелген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек. Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алсын.
«Өңірдің даму барысын және барлық мәселенің уақытылы шешілуін өзім тікелей бақылауда ұстаймын», - деді жиында Президент. Өзінің тапсырмасы бойынша Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалғанын айтты. Жоба аясында Атырауда 37 жаңа мектеп салынбақ, сондай-ақ көпбейінді аурухана, екі емхана, психикалық денсаулық орталығы, ал ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін 9 нысан бой көтермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады.
Бюджеттен бөлінеді-ау, тек соны тиімді жұмсауда жаңсақтық көп бізде. Президент мұны біледі. Сондықтан ескертті, әрбір тиынды тиімді жұмсау – Үкіметтің және әкімдіктің жұмысы. Демек, жауап беретін де солар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Бақытбек Нұртаев