Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілхановты қабылдады
«1995 жылғы шешімім бойынша құрылған Ассамблеяның жұмысын мен ерекше бақылап отырамын. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Біздің бұл саладағы тәжірибемізге көп елдер қызығушылық танытады», – деді Елбасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы өңірлердегі Достық үйлеріне мән беруді, аймақтардағы келісім мен бірлікті сақтау үшін әкімдіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп жұмыс атқаруы қажеттігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Өзімнің шешіміммен 1995-ші жылы осы Ассамблея құрылған болатын. Содан бері көп шаралар жасап, үлкен беделге ие болды. Дүниежүзіне белгілі біздің тәжірибемізді барлығы үйренгісі келеді. Бұл жұмыс оңай емес болады. Барлық аймақтарда қазір мен мекемесін салдырдым, өздерінің орталығы, үйлері бар, жиналатын жерлері бар. Қандай ұлт болса да, өзінің мәселесін шешеді, ақылдасады. Жергілікті әкімшілікпен тығыз жұмыс істеу керек те, бірге шешіп отыру керек. Оған тәжірибе бар.