БҰҰ Таяу Шығыстағы тараптарды бітімге келуге шақырды
Израиль мен ХАМАС бір-біріне зымыран жіберіп, атыс-шабысты әлі де доғарар емес. Осылайша, шиеленіс күннен-күнге ушығып, екінші аптаға ұласып барады. Шабуыл салдарынан 220 палестиналық мерт болды. Оның 60-қа жуығы – бала, 30-дан астамы – әйел. Ал Израиль тарапынан 10 адам қаза тапты, оның екеуі – бала. Бұл – Таяу Шығыста соңғы 7 жылда болып отырған ең үлкен қақтығыс.
Израиль әскери-әуе күштері Газа секторына әуеден соққы берді. Израиль армиясы бұған қатысты: «ХАМАС-тың әскери басшыларының үйлері нысанаға алынды», - деп мәлімдеді. «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің хабарлауынша, бұл – қақтығыс қайта өршігелі бері жасалаған ең жойқын шабуыл. Өткен тәулікте әуе соққыларының салдарынан 42 палестиналық мерт болды. Құрбандардың арасында 10 бала мен 16 әйел бар.
Рияд Эшкунтана, жергілікті тұрғын:
- Жарылыс болар алдында балаларды ұйықтатып жатыр едік. 3 қызым мен 2 ұлым бар. Оларды мүмкіндігінше қауіпсіз жерге жатқызуға тырыстық. Әуе соққысы жасалғанда әйелім бірден балаларға жүгірді. Алайда екінші зымыран түскенде үйдің төбесі опырылып, мен үйінді астында қалдым.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ХАМАС қозғалысы да Израильдің бірнеше қаласына зымыран жаудырды. Көбін Израиль әскері «Темір күмбез» атты ракетаға қарсы қорғаныс жүйесінің көмегімен атып түсірген. Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.
Хила Гева, Ашкелон тұрғыны:
- Бұл жолғы қақтығыс бұрынғылардан әлдеқайда күрделі. Әсіресе балаларға қиын. Барлығымыз жертөледе отырамыз.
«Израиль тарапы шиеленіс қайта басталғалы Газа аумағынан 3 мыңнан астам зымыран жіберілді», – дейді. Ал Израиль әскері Газа секторындағы 1,5 мың нысанды әуеден атқылаған.
Израиль Премьер-министрі: «ХАМАС тобына қарсы әскери операция жалғасады», – деп ескертті. Палестина тарапы: «Шабуылдарды тоқтату үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар қабылдауы тиіс», – деп отыр. Қақтығыстан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Соңғы мәліметке қарағанда, Газа секторында қаза тапқандар саны 200-ден асып кетті. 30% астамы – әйелдер мен балалар. Мыңдаған адам жарақат алды. Израильде 10 тұрғын мерт болды. Оның екеуі – бала. Аймақтағы ахуалдың қиындауына байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде шұғыл отырыс өтті. Ұйымның Бас Хатшысы Израиль мен Палестинаны атысты дереу тоқтатуға шақырды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас Хатшысы:
- Қарулы қақтығыс аяқталуы керек. Бір жақ зымырандар мен минометтерді, ал екінші тарап әуе соққылары мен артиллериялық қаруды қолданғанды доғаруы керек. Бұл мәнсіз қантөгіс пен террор дереу тоқтауы тиіс. Әр тарап халықаралық құқық пен адам құқығына жауапкершілікпен қарауға міндетті. Көршілес мемлекеттердің бітімгершілікке келіп, келіссөздерге оралуы – ілгері жүрудің жалғыз жолы.
Халықаралық қауымдастық екі тарапқа да басу айтып жатыр. Алайда зымырандар бүгін де атылды.
Авторы: Меруерт Жақан