Қ. Тоқаев видеоконференция режимінде Швейцария Президенті Ги Пармеланмен келіссөз өткізді
Тараптар Қазақстан мен Швейцария арасындағы қатынастардың даму қарқынын жоғары бағалады. Бірақ көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, жоғары технология мен «жасыл» экономика салалары бойынша іскерлік байланыстарды нығайту қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси, сауда және экономикалық серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Бүгінде елімізде Швейцария капиталының қатысуымен 40-тан астам кәсіпорын мен компания табысты жұмыс істеп жатыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға қатысуға ниет білдірген швейцариялық компанияларды қолдайтынын айтты.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелан халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасты. Тараптар жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, орнықты даму, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, Орталық Азиядағы трансшекаралық суларды әділ әрі тиімді пайдалануға ықпал ету мәселелері бойынша конструктивті диалогті жалғастыра беруге уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі ел арасындағы өзара тиімді және табысты ынтымақтастықты жалғастыруға қажет мүмкіндіктің бәрі бар деп ойлаймын. Өзара ықпалдастығымыздың барлық саласына тың серпін беру – біздің міндетіміз. Қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыруда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның және Іскерлік кеңестің рөлі маңызды. Сондай-ақ экономиканың түрлі секторындағы серіктестік аясын кеңейтіп, елдер арасындағы әлеуетті ескере отырып, тауар айналымының түрлерін көбейтуді ұсынамын.