Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал талқыланды
Үкімет басшысының сөзінше, екпе егу орындарының санын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ Асқар Мамин Ashyq қосымшасын «Вакцинация» модулімен және eGov-тағы құжатпен сәйкестендіруді тапсырды. Елімізде коронавирустың беті қайтты. Денсаулық сақтау министрі осындай жаңалықпен бөлісіп, аз-маз қуантып қойды. Цойдың дерегінше, індет жұқтыру 20% төмендеген. Сондай-ақ биыл ауру жұқтырғандардың дені вирусты жеңіп шыққан. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі Қазақстан әлем бойынша «сары аймақта» тұр. Ахуал әп-сәтте өзгеріп, «қызыл аймаққа» ауысуы әбден мүмкін. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі: «Індеттің жалғыз емі – вакцина алу», – деді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Министрлік эпидемиологиялық ахуалды және вакцинациямен қамтуды ескере отырып, эпидемиологиялық ахуалдың болжамын жаңартты. Атап айтқанда, вакцина егу көрсеткіші 60% төмен болса, маусым-қыркүйек айларында ковид жұқтырғандар саны 95 мың адамға дейін жетуі ықтимал. Ал халықтың 95% вакцина алатын болса, маусым-қыркүйек аралығында індет жұқтырғандар саны 61 мыңнан аспайды деген болжам бар.
Қазір діңкесі құрып, ауруханаға баратын науқас біршама азайыпты. Бүгінде ел бойынша 32 254 адам емделіп жатыр. Оның 12 452-cі стационарда, ал 19 802 науқас амбулаториялық ем қабылдап жүр. 696 адамның жағдайы ауыр, ал 177 науқастың жағдайы өте ауыр екен. 105 науқас жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы шамамен 3 млн екпе жасалды. Соның ішінде алғашқы компонентпен 2 млн-нан астам, екінші компонентпен 1 млн-ға жуық адам вакцина алды. Вакцина қорларын толтыру, егу пункттерінің санын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Егу науқанын көбейту пандемиямен күресуде ең маңызды міндет болып табылады.
Денсаулық сақтау министрі: «Қарағандыда «Спутник-V» вакцинасының қосымша 1,7 млн дозасы өндірілді», – дейді. Соған қарағанда препараттан тарықпайтын сияқтымыз. Екпе егу орындарында вакцина жеткілікті. Оның 320 мыңы бірінші, 650 мыңы екінші компоненттікі екен.