Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен өткізген келіссөз барысында осылай айтты. Бейне конференцияда Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығы талқыланды. Тараптар пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күрес, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мәселелерін қаузады. БҰҰ Бас хатшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдердің мүддесін қорғауда Қазақстанның бастамасын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы биыл қарашада Глазгода өтетін дүниежүзілік климат конференциясында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі ұлттық жоспарын жариялайтынын жеткізді. Антониу Гутерриш ядролық қарусыздану мәселесін ілгерілетудегі Қазақстанның еңбегін ерекше атап өтті. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамызда елімізде өтетін халықаралық жиынға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге сайлану туралы шешіміңізді және сіздің кандидатураңызды қолдайтынымызды айтқым келеді. Сіздің көшбасшылық қасиетіңізді жоғары бағалаймын. БҰҰ-дағы әріптестеріңізбен келіссөздер өткізіп тұрамын. Жақында мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен келіссөздер жүргіздім. Әрине, Орталық Азияда бізді Ауғанстандағы ахуал алаңдатады. Қазақстан Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын әрі бұл елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысатынын айтқым келеді.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Бұл мәселеде Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның рөлі айрықша. Біз түркиялық және катарлық әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қос тарап та келіссөздерді өткізуге ниетті екендіктерін айтып отыр.