ШОБ бойынша Президент тапсырмасы өңірлерде ойдағыдай орындалып келеді
Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 4 бағыт бойынша 24 шараны қабылдады. Атап айтсақ, бизнеске жүктемені азайту, қаржылық қолдау, сұраныс нарықтарына және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті арттыру тетіктері қамтылған.
Бұл цех айына 10 тонна шұжық өндіреді. Ысталған, қайнатылған өнімнің 15 түрі бар. Кәсіп иесі биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 29 миллион теңгедей жеңілдетілген несие алған. Енді өндіріс аясын кеңейтпек.
Жадыра Құрмансейітова, кәсіпкер:
- Қазіргі таңда біздің цехымызда 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылуда. Алдағы уақытта шұжығымызға сұраныс көбейсе, 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз.
Бағлан Аманкелдиев, Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:
- Қызылорда облысы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 45,5% Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі. Ағымдағы жылдың қаңтар, наурыз айларында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын 781 жоба қолдау алып, 802 жұмыс орны ашылды.
Дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарламаның арқасында Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері де тығырақтан шықты. Яғни олар әлеуметтік салықтан босатылып, қарызын қайтаруға қосымша уақыт берілді.
Рахымбек Зейнуллин, облыстық Кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы:
- «Еңбек» бағдарламасы аясында және «Жол бизнес картасы 2020-2025» бағдарламасы аясында әр түрлі бағытта қолдау көрсетіліп жатыр. Қаржылай, сервистік көмек көрсетеміз. Өз ісін бастап кеткен азаматтар бухгалтерлік және заң тұрығысынан тегін кеңес ала алады. Жоспарын жазу үшін көмектесуге маркетологтар да бар. Мұның барлығы Президентіміздің тапсырмасы бойынша жасалынып жатыр.
Табысы азайған кейбір кәсіпкерлер тіпті коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге де қаржы таппаған. Осы ретте Жамбыл облысында ғимаратты жалға алу мен коммуналдық қызметтердің төлемін кейінгі қалдыруға мүмкіндік берілген. Тіпті өңірдегі 80 кәсіпкердің несие төлемдері уақытша тоқтатылған.
Нұралы Ергебаев, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Жалдау ақысын кейінге қалдыру бойынша 161 бизнес субъектісі өтініш білдірді. Келіссөздер арқылы 70 бизнес субъектісінің өтінішін қанағаттандыруға қол жеткіздік.
Көкшетаулық кәсіпкер Вероника Субачтың айтуынша, елімізде шағын кәсіпкерлер үшін салық жеңілдіктері бизнестің еңсе тіктеуіне сеп болды. «Әсіресе тексерістерге жарияланған үш жылдық мораторий мен табыс салығының алынып тасталуы бұл саланың одан әрі емін-еркін дамуына мүмкіндік берді», – дейді кәсіпкер.
Вероника Субач, кәсіпкер:
- Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «бөлшек салығы» деген ұғым пайда болды. Бұл – қосымша құн салығы мен табыс салығының орнына келген 3% жеңілдетілген салық. Мәселен ай сайын 3 млн теңге табатын орта бизнесті алсақ, бұрын олар 500 мың теңге шамасында салық төлейтін. Ал қазір 90 мың теңге ғана төлейді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Президент тапсырмасы аясындағы шаралар жалпы ішкі өнімнің өсімін 3% жеткізуге ықпал етеді. 3 миллионнан астам адам жұмыс істейтін 1,2 миллион кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мамандар осылай болжап отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов