Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің студенттеріне 100 білім грантын бөлуге дайын
Жалпы Ислам әлеміндегі ғылым мен білімді дамытуға Қазақстанның мүмкіндігі де, әлеуеті де жетеді. Ғылыми ізденістердің флагманы саналатын Назарбаев Университеті, Astana IT орталығы, Big Data және кибер қауіпсіздік салаларындағы біздің ғалымдардың жұмысы өзгеге үлгі бола алады.
Бұл – әлем картасындағы 57 елдің басын біріктірген іргелі ұйым. 1,5 миллиард мұсылман мүше. Ауқымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейін тұр. Қазақстан 95 жылы мүшелікке өткен болатын. Жай өтіп қана қоймай, жаңа идеялардың жаршысы бола білді. Өтіп жатқан ғылым және технология жөніндегі саммит те – біздің елдің бастамасы. 2017 жылы алғаш рет астанада өткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Пандемияға қарсы күресте Ислам елдері күш жігерін біріктіруі қажет. Вакциналарды әділ бөлуге және оларды саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырамын. Қазақстан коронавирус індетіне қарсы QazVac вакцинасын әзірлеп шықты. Қазір ол Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мақұлдауынан өтіп жатыр. Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын. Сонымен қатар біз отандық вакцинаны ұйымға мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз.
Қазақстан 2025 жылға қарай отандық ғылым саласын қаржыландыруға ішкі жалпы өнімнің 1%, ал білім беру ісіне 7% бөлуді көздеп отыр. Өйткені кез келген елдің келешегі ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы жетістіктерге байланысты. Мұның ұйымға мүше елдердің бәріне қатысы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ислам әлемінің ғылыми әлеуеті зор деген ортақ пікірді қолдаймыз. Алайда адам капиталын дамытуда әсіресе сапалы білім беру ісіндегі инвестициялардың көлемін арттыруымыз қажет. Сонымен қатар ғылыми ықпалдастығымызды нығайтып, дамыту өте маңызды болып отыр. Дәл осы шаралардың арқасында ислам әлемінің ғылым мен инновация саласындағы абыройын арттыра аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экономиканы цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту керегін көтерді. Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге қолдау көрсетуді жалғастыру қажет деді.
Бұл жолғы саммитке Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етуде. Қазақстан Президенті Әмірліктің Үкіметін және халқын ел тәуелсіздігінің 50 жылдығымен құттықтады және арабтың «Әл-Амал» спутнигінің Марс орбитасына сәтті шығуын барша ислам әлемінің жетістігі деп бағалады.