Мәжіліс отырысы: бірінші сессия жұмысы қорытындыланды
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин палатаның бірінші сессиясының жұмысын қорытындылады. «Заңнамалық жұмыс Елбасының стратегиялық бастамалары мен Президенттің міндеттері негізінде атқарылды», – деді Мәжіліс Төрағасы. Пленарлық отырыста сот-сараптама қызметі және зияткерлік меншік саласын жетілдіруге қатысты заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.
Елімізде жекеменшік сот-сараптамалық ұйымдар құрылмақ. Мәжілісмендер тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл – саладағы бәсекелестікті дамыту үшін жасалып отырған қадам. Құжатты Парламент депутаттары әзірледі. Заңға сай сот сарапшыларын аттестаттау рәсімін сертификаттау рәсіміне ауыстыру ескерілген. Демек мамандардың кәсіби деңгейі бірталай жоғарылайды, яғни халықаралық стандарттарға сәйкестендірілмек. Бұған қоса, Әділет министрлігі мен Сот сарапшылары палатасының кейбір өкілеттіктері нақтыланып отыр. Ендігі сала қадағалауда болады, сөйтіп сот-сараптамалық қызмет жөнімен жүргізілмек.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біріншіден, сот-сараптама қызметінде жаңа субъект – «мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымының» пайда болуы. Бұл жеке сот сарапшыларының жұмысын одан әрі дамытуға және институционалды нығайтуға негіз болады. Осы жаңашылдық жеке сот сарапшыларының сот-сараптама қызметі үшін материалдық-техникалық, зертханалық және ғылыми база құру бойынша бар ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Ал мұндай жағдайда сот сараптамасы мемлекеттік аппаратының жүктемесін жеңілдетіп, сараптама жүргізу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Депутаттар өздері бастамашылық еткен тағы бір құжатты бірінші оқылымда құптады. Ол зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты. Мәжілістің тапсырмасымен Әділет министрлігі халықаралық компания кеңесшілерін тартып, заңнама мен құқық қолдану практикасына талдау жүргізген. Саланы дамыту ұсыныстар әзірленді. Енді құжатқа сай патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін реттеу талаптары нақтыланбақ. Ұлттық брендтеуді дамыту және өткізу нарығын кеңейту мақсатында «географиялық нұсқау» деген жаңа ұғым енгізілмек.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тауардың шыққан жерінің атауы зияткерлік меншік нысанымен бірге географиялық нұсқау деген ұғым енгізілмек. Күні ертең бұл заңнамада бір мақсатты көздеген екі объектінің бір-біріне қарама-қайшылығы туындамай ма?
Гүлнәр Бижанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қарама-қайшылыққа жол берілмейді. Тауардың шыққан жерінің атауы дегеніміз – өндірістің тарлық кезеңі яғни шикізаттан бастап, өңдеу, әзірлеуге дейін бір жерде жасалуы тиіс деген сөз. Мәселен Көкшетау балмұздағы, Шұбаркөл көмірі. Енді географиялық атауын енгізе отырып, отандық кәсіпкерлердің мүмкіндетрін кеңейтейік деп отырмыз.
Депутаттар бірқатар ратификациялық құжаттарды да қарауға алды. Жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның бірінші сессиясының жұмысын қорытындылады. «Ел егемендігіне 30 жыл толған кезеңде жаңа шақырылған депутаттардың жұмысы мазмұнды әрі ауқымды болды», – деді Мәжіліс спикері. Коронавирус қиғылық салған кезеңге қарамастан депутаттар ең әуелі елдің тұрмысын түзеуге керек-ақ құжаттарды мақұлдады. Бұл ретте Парламенттік оппозиция институтының іс жүзінде жүзеге асып, Мәжілістің ашықтығын арттыра түсті. Бірінші сессияда Мәжілістің 23 пленарлық отырысы өтіп, депутаттар 129 мәселе қарады. Палата қарауына түскен 86 заң жобасының 49-ы мақұлданып, сенатқа жіберілді. Депутаттар 10 шақты құжатты өздері бастамашылық етіп әзірледі. 233 депутаттық сауал жолданды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Осы сессиядағы жаңа және нақты қадамдар Мәжілістің заң шығару жұмысын одан әрі күшейтуге жол ашты, соның нәтижесінде Мәжіліс саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор көптеген заңдарды қабылдады. Көптеген парламенттік шаралар ұйымдастырылды. Бұл жолда біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын және Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін басшылыққа алдық. Оның барлығы халқымыздың өмір сапасын арттыруға, еліміздің тұрақты дамуын заң деңгейінде қамтамасыз етуге ықпал етті.
Мәжіліс депутаттары бұл сессияда Президенттің тапсырмасымен жер қатынастарын жетілдіруге қатысты бірқатар заң жобаларын мақұлдады. Экономика, кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғауға қатысты бірқатар құжат құпталды. Мәжілісте пленарлық отырыс қана емес, комитеттердің жиындары барлығы онлайн режимде сүзгіден өтті.
Авторы: Индира Жылқайдарова