Астана форматындағы Сирия бойынша XVI халықаралық кездесу аяқталды
Осы келіссөздердің кепілгер мемлекеттері атанған елдер, яғни Иран, Ресей және Түркия, Сирия Араб Республикасының тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын жақтайтындарын мәлімдеді. Сергелдеңге түскен Сирияда ахуал күрделеніп барады. Лаңкестік әрекеттер көбейіп, одан бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. Сондықтан тараптар Сирия мен көршілес мемлекеттердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерді тоқтатуға шақырды. Әрі Израильді Сирияға жасап жатқан әскери шабуылдары үшін айыптады. Кепілгер елдердің мәлімдеуінше, 17-ші Халықаралық келіссөздер жыл соңына дейін елордада өтеді.
Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:
- Қираған құрылымдарды қалпына келтіру, кедей халыққа көмек көрсету мәселесі – басты назарда, бұған көп көңіл бөлу қажет. Сирия Араб Республикасындағы жағдай тұрақтанып келе жатқанына қарамастан террористік топтармен күресті жалғастыруымыз керек. Біздің ойымызша, осындай жүйелі кездесулер нәтижесінде бұл мәселелердің шешіміне жақындай түсеміз.