Мемлекет басшысы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде жиын өткізді
Өкініштісі, көбі сынақтан сүрінді. Президент: «Бұл емтиханды әкімдердің тең жартысы «үшке» тапсырды», – деп баға берді. Бірақ «үш те болса күш» деп отыратын уақыт емес. Жағдай тым ушығып барады. Соңғы кезде коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп кетті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Мұндай жағдай пандемия басталғалы болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет, министр, әкімдердің қатысуымен елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде жиын өткізді. Жағдайды жақсартудың жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды.
Неге екені белгісіз, осымен екінші жыл қатарынан шілде келсе, коронавирусқа қатысты жағдай тым шиеленісіп кетеді. Былтыр жазда да дәл осы уақытта індет өршіп, талай адамның өмірін жалмап еді. Биыл да оңай болмай тұр. Күніне 5 жарым мың адам ауру жұқтыруда. Алғашында әдеттегідей статистикаға сенбестік таныттық, бірақ ауруханалардағы жағдай шынымен жан шошытарлық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, ахуал нашарлап барады. Әсіресе елордадағы жағдай өте күрделі. Өңірлердің басым бөлігі «қызыл» аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады. Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет.
Вирустың таралуын тоқтату мүмкін емес. Мұны әлем мойындап отыр. Адамзаттың ендігі қолынан келері тек – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау. Ол үшін әрине, жаппай вакциналау бірінші орында. Үш миллионға жетер жетпес адам вакцинаның толық курсын алып бітті. Бірақ белсенділік барлық өңірде бірдей емес. Вакцинаны тасымалдау мен сақтауда да олқылықтар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Вакциналарды тасымалдау мен сақтаудың барлық аспектілерін нақты қарастырған жөн. Өкінішке орай, соңғы деректер барлық өңірлер бұл жұмысты дұрыс құрмағанын көрсетеді. Жекелеген өңірлерде вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзу фактілері анықталды. Бұл оның әрекетінің тиімділігінің төмендеуіне себеп болды.
Президент иммундау процесін тежейтін тағы бір өзекті мәселе – жалған вакцинация паспорты екенін айтты. Ішкі істер министрлігінің жанынан жалған құжат жайлы ақпарат жинайтын арнайы топ құрылатын болды. Ал Үкіметке ресейлік жаңа «Спутник лайт» вакцинасын елге жеткізу, отандық QazVac-ты өзге елдердің нарығына шығаруды қолға алуды тапсырды. Өңірлерде де әкімдердің жұмысына сын болатын жағдайлар жеткілікті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, осы мәселеде олқылықтар бар. Менің тапсырмам бойынша өңірдегі денсаулық сақтау нысандары тексерілді. Оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Жаңадан салынған модульді жұқпалы аурулар орталықтары ғана стандарттарға сай келеді.
Бізде ауру жұқтырғанын біле тұра, карантин ережесін сақтамайтындар бар. Президент Ashyq жүйесі анықтаған карантин бұзушыларға талаптарды қатаңдатуды тапсырды. Өйткені қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдар саны артып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шамасы мұндай жауапсыз адамдар айыппұлдан қорықпайды, өйткені оларға ешкім айыппұл салып отырған жоқ. Иммундық мәртебе жүйеде тіркеліп жатыр, демек, мұндай жауапсыздық жазалануы керек. Карантиндік шектеулерді сақтамағандарға жазаны қатаңдатуды тапсырамын. Ashyq қолданылатын жерлерді көбейту керек. Күнделікті мониторингін жүргізіп тұру – шарт.
Медициналық көмектің қолжетімділігі төмендігінен елде ана мен бала өлімі, қан айналымы жүйесі аурулары мен басқа да аурулардан болатын өлім-жітім өсіп отыр. Сондай-ақ медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді әрі сапалы болуы керектігін айтты. Бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуға тыйым салынды.
Авторы: Шынар Асанқызы