Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Президенттер Көкшетау қаласында өтетін аймақтық ынтымақтастық форумына қатыспақшы. Ақордада Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинді қабылдаған Мемлекет басшысы осы жайында сөйлесті. Сондай-ақ екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту мәселесін талқылады. Тараптар алдағы уақытта машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да аса маңызды салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Одан бөлек бірлесіп, вакцина шығару да жоспарда бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі мемлекеттің сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамығанын атап өткім келеді. Ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды келісімдерге қол қоюға дайындық жүріп жатыр. Пандемияға байланысты туындап отырған барлық қиындықтарға қарамастан екі ел арасындағы сауда өткен 5 айдың ішінде 26% артты. Қазіргі уақытта екі ел үкіметтері машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да аса маңызды салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға күш жұмылдыруда. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек.
Михаил Мишустин, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы:
- Біз Қазақстанмен арадағы достық, әріптестік және одақтастық қатынастарымызды жоғары бағалаймыз. Үкіметтеріміз арасындағы байланыстардың мазмұны терең. Бірлесіп жұмыс жасауға зор мүмкіндіктер бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз жақсы дамып келеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өзара тауар айналымы үш есеге артты. Жылдың соңына дейін сауда айналымынан өте жоғары көрсеткіштер күтеміз және оған барлық мүмкіндіктер бар. Инвестициялық бағытта да өзара табысты жұмыс істеп жатырмыз. Ресей бизнесі Қазақстанның 32 ірі жобасына қатысуда. Қазақстандық әріптестеріміз де Ресейдің жобаларына белсенді атсалысып жатыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады. Даниал Ахметовтың айтуынша, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында едәуір өсім бар. Өндіріс қарқынын екі есе арттыруға мүмкіндік беретін «Ақтоғай» металлургия кешенінің екінші кезеңі де аяқталуға таяу. Мұнымен қоса, биыл 15 ірі спорт нысаны пайдалануға берілмекші. Даниал Ахметов аймақтағы білім беру нысандары, дәстүрлі форматқа көшуге дайын екенін де жеткізді. Өйткені білім беру саласының қызметкерлері түгелдей вакцина алған. Облыста күніне 10 мың адамға екпе егілуде. Ендігі меже – 747 мың адамға жеткізу. Президент облыс басшысына өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үздіксіз көмек көрсетуді тапсырды.
Одан бөлек Президент Еуразиялық Одақтың Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Тери Хакаланы қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған ұйыммен тығыз байланыс орнағанын атап өтті. Былтыр екіжақты сауда айналымы 24 млрд долларға жуықтапты. Осы ретте тараптар Ауғанстандағы жағдайды тілге тиек етті. Қазақстан Президенті Ауғанстандағы туындап отырған сын-қатерлерге алаңдаушылық білдірді. Өйткені бұл жағдайдың бар ауыртпалығы қақтығыс аймағына жақын орналасқан Орталық Азия мемлекеттеріне сезіліп отыр. Тараптар Ауғанстандағы ахуал тұрақталып, қоғамдық тәртіптің орнығуына сенім білдірді. Адам құқықтары мен еркіндігі сақталып, Кабулдың әуежайынан адамдардың кедергісіз көшуіне қатысты пікірлерін білдірді.