Алексей Цой: COVID-19 жұқтыру деңгейі 10% төмендеді
Денсаулық сақтау министрі осындай мәліметтермен бөлісті. Алексей Цойдың сөзінше, жансақтау бөлімінде жатқандар мен жасанды желдету құрылғысына таңылғандардың басым бөлігі вакцина алмаған екен. Бұл ретте министр екпенің әсерін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Үкіметте халық санағына қатысты тың ақпарат айтылды. Маңызды іс алдағы қыркүйек айында басталады. «Дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр», - дейді мамандар.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Алты құрлыққа ауыз салған аса қауіпті індет 213 миллионнан астам адамға жұғып үлгерді. Ал 4,4 млн науқас осы кеселден көз жұмды. Әлемді шарлаған вирус соңғы екі аптада Әзербайжан, Жапония, Израильде өршіген. Ал біздегі ахуал орташа, 222 мемлекеттің ішінде 101-орындамыз. Денсаулық сақтау министрі осындай дерекпен бөлісті. Цойдың сөзінше, ауруханадағы науқастардың саны азайған. Тек Ақтөбе, Алматы облысы мен Алматы қаласындағы ауруханада төсек тартып жатқандар көп.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 24 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 474 851 адамнан коронавирус белгілері анықталды. Қазір Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі «қызыл» аймақта. Қазір Қазақстанда коронавирус инфекиясының біртіндеп төмендеп келе жатқанын байқауға болады. Соңғы екі аптада ауру жұқтыру 10% төмендеді.
Алексей Цой қараша айына дейін алдын ала болжам жасады. «Жағдай ушықса, қыркүйекте тәулігіне – 6300, қазан айында 2400 адам вирус жұқтырады», - дейді. Ал реалистік болжамы бұдан сәл төмен. Қыркүйекте – 5400, қазанда – 1800 адам. Оптимистік көзқарасында да айтарлықтай өзгеріс жоқ, тек науқас саны аздап төмендейтінін байқауға болады. Не де болса, вирус шабуылын тоқтатпайтынын ұғып тұрмыз. Цой бұған тосқауыл тек вакцина екенін еске салды. Қазір реанимацияда жатқандардың 95% екпе алмағандар екен.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Вирус жұқтырған науқастардың басым бөлігі вакцина алмаған. Жалпы есепке көз жүгіртер болсақ, 1 ақпаннан бері індет дендегендердің дені вакцина салмаған. Салдарынан вирус жұқтырғандардың саны шамамен 97,5%. Ал вакцина алып ауырғандардың саны 2,5%. Коронавирус жұқтырып, реанимацияда жатқан немесе өкпені жасанды желдету құрылғысына таңылғандардың 95% екпе салдырмаған. Осыған қарап-ақ вакцинаның тиімді әсерін көруге болады.
Вакцина салдыр, бетперде ки, арақашықтық сақта. Қысқасы, санитарлық талапты ұстан да, демалыс күнгі шектеуден ада бол. Премьер-министр Ashyq қосымшасын жүктеген кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалықпен бөлісті. Асқар Мамин бизнес өкілдерінің сенбі, жексенбі күндері емін-еркін еңбек етуіне рұқсат бермекші. Ол орынбасарына осындай тапсырма жүктеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Ауруханалардағы орындар 49%, ал жансақтау бөлімдері 46% жүктелген. Вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 6,5 млн адамға жуық, ал екінші компонентін 5 млн астам адам салдырды. Вакцина салдыру науқанын одан әрі күшейту қажет. Ведомствоаралық комиссияға эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан өңірлердегі Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын.
Премьер-министр эпидахуал туралы ойымен бөліскен соң, халық санағының мән-маңызына тоқталды. Биыл бұл жүйеге өзгеріс енген. Бұрынғыдан басқаша өтеді. Айталық, ұлттық санақты қағазсыз жүргізу жоспарланған. Цифрлық жүйеге ауысу арқылы жұмсалатын қаражат пен уақытты үнемдемек. Жалпы 2018 бен 2023 жыл аралығындағы санақ жұмысына 9,1 млрд теңге қарастырылған. «Оның жартысынан көбі – жұмысшылардың жалақысы», - дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы. Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, елдегі халықты санауға 32 мыңдай адам жұмылдырылады. Ал Премьер-министр бұл істің тиянақты атқарылуы үшін әкімдер мен министрлік өкілдеріне нақты тапсырма берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаздан мүлдем бас тартып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отыр. Бұл мәліметтерді жедел жинауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы санақ өткізілетін уақытта 32 мың адам жұмысқа алынады. Өңірлердің әкімдері халық санағына дайындық барысын жеке бақылауға алсын.
Биылғы ұлттық санақ екі түрлі тәсілмен жүргізіледі: 45 күн бойы sanaq.gov.kz порталында сауалнама толтыру немесе планшеттің көмегімен сауалнама жүргізу. Сілтеме арқылы онлайн парақтарды толтыруға болады. Оған қоса Aitu Messenger қосымшасы арқылы санақтан өтуге мүмкіндік бар. Бұл мемлекеттік іске барлығы атсалысады. Тіпті шетелдегі ел азаматтары да есепке алынады.