Президент 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады
«Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсетті. Ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың 26 тамызында сағат 19:00 шамасында Байзақ ауданы Қайнар ауылында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің № 28349 әскери бөлімінің (инженерлік бригада) оқ-дәрі қоймасы жанды. Нәтижесінде, жалпы саны 13 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алды.
Оқиға орнына 30 есептеуден тұратын жедел жәрдем бригадасының және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Апат болған жерге баратын барлық жол, соның ішінде теміржол уақытша жабылды.
Тараздағы әскери қоймада болған жарылысқа байланысты төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды.
Жалпыұлттық аза тұту күні мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, шекаралық дипломатиялық мекемелер ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Ойын-сауықтық шаралар мен осы бағыттағы телебағдарламалар тоқтатылады.