Хабар телеарнасы

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі 2022 жылға шегерілді

Соңғы әлеуметтік зерттеулер осыны көрсетіп отыр. Аталған күрделі мәселе бойынша Қазақстан өзге елдерді де диалогқа шақырып, алаң ұсынады. Осы жазда Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-ші съезі өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты келесі жылға шегерілді. Дегенмен 6 қазанда съезд хатшылығының отырысы өтеді.

2003 жыл. Қыркүйек. Бәйтерек. Астанаға алғаш рет әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері жиналды. Нұрсұлтан Назарбаев осы уәдесінен соң Астанада жаңа ғимарат бой көтерді. Және ол «Бейбітшілік және келісім сарайы» деп аталды. Білетіндер: «Мұндай атауға ие болған әлемдегі жалғыз ғимарат» , – деседі. Кейінгі съездер әр үш жыл сайын үзілмей осында өтіп отырды. Елбасы айтқандай, түрлі дін басшылары бір есіктен кірді, бір үстел басына жайғасты, сосын діни диалогты бастады.

Болат Сәрсенбаев, Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:

- Съезд қандай да бір дінаралық дүрдараздықты шешумен айналыспайды. Ол үшін бізде өзге де алаңдар бар. Мұндай әлем діндері көшбасшыларының кездесуінде жаһандық ауқымдағы мәселелер талқыланады. Ал неге бұл кездесу тек Қазақстанда өтеді десек, бұл – біріншіден, Тұңғыш Президенттің бастамасы, екіншіден, Қазақстанда 130 этнос тұрады, бұл әлемдік және дәстүрлі діндердің өзіндік съезі тәріздес.

Содан бері 18 жыл өтті. Ол кезде мұның мәнін ешкім жете түсіне қоймаған. Ұлтаралық, дінаралық шиеленістердің зардабын адамзат аз тартқан жоқ, әлі сабақ алмай келеді. Оған мысал көп. Оңтүстік Африка, алыс кетпесек, Ауғанстан мен кешегі Таулы Қарабақ. Мамандар мұндай шиеленістерді шешудің әмбебап тәсілі жоқ екенін айтады. Ең тиімді жол – оны болдырмау ғана.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әлем өте күрделі жағдайға тап болып отыр. Жаңа қауіптер шығып жатыр. Дінаралық ауызбіршілікті жоғалтып алмас үшін бұдан әрі де қарқынды жүргізуіміз керектігін анық көріп отырмыз.

100-ден астам этнос, 18 конфессия, 3,5 мыңнан астам діни бірлестік. Дәл осы ұлтаралық, дінаралық келісім келгенде Қазақстанның айтары бар. «Бұл бәлкім дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі болар, айтпақшы соңғы жүргізілген сауалнамада халықтың 88% мемлекеттің діни саясатын дін қолдайтынын айтқан, ал бәлкім халықтың даналығы болар», – дейді Дана Нұржігіт.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Біздің халқымыздың тыныштықты қолдайтынын, ұлтаралық ауызбіршілігімізді, түсіністігімізді, діни көзқарастарымызға құрметпен қарауы бұл халқымыздың даналығы дер едім.

Болат Сәрсенбаев, Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:

- Съездің келесі күн тәртібі пандемиямен, одан кейінгі ахуалға арналады деп ойлаймын. Себебі әлем үлкен қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Ал бұл ретте дін, оның рухани өкілдері үндемей қалмайды. Сондықтан мұндай сәтте бұл алаңды жауып тастамай, керісінше жалғастыра түсу қажет деп есептейміз.

Дін әрқашан әлемдік геосаясаттың бір бөлігі болған. Сондықтан да осы бағыттағы белгілі бір проблемаларды ашық айту, шешімдерін іздеу маңызды. Артта қалған алты съездің әрбірінде түрлі бастамалар айтылды. Алдағы жылы өтетін жетінші съездің де жүгі жеңіл болмайтын секілді.

Авторлар: Гүлжан Марқабаева, Қанат Әбілдин, Нұрлан Малгелдинов