Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесті
28 қыркүйек күні мұнда Түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының 10-шы отырысы өтеді. Жиын қарсаңында Қазақстанға сапарлап келген Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентопты Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қабылдады. Кездесуде Елбасы Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың 30 жылдағы даму динамикасына тоқталды. Сондай-ақ мәртебелі мейманға алдағы отырыста нәтижелі келіссөздер жүргізуді тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- 32 жыл ішінде Тұрғыт Озал мырзадан бастап барлық түрік елінің басшысымен кездесіп, қарым-қатынас жасап келе жатырмыз. Қолдан келгенше Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынасты жандандыруға атсалыстым. Қазір қарым-қатынасымыз өте сенімді. Ердоған мырзамен өте жиі кездесіп сөйлесіп тұрамыз.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы:
- Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас сіздің арқаңызда жоғары деңгейде дамып келеді. Біздің Парламентаралық ынтымақтастығымыз да тиімді жалғасуда. Біз қайда жүрсек те, Қазақстанды атажұртымыз деп айтып отырамыз.