Елбасы «Астана Бас жоспары» институтына барды
Әу баста бұл жерде 300 мың халық тұрса, қазір елордалықтардың саны 1 млн 200 мыңнан асады. Іргесі кеңейіп, тұрғындары көбейген Нұр-Сұлтанда қолға алынған шаруа да, қордаланған мәселе де жеткілікті. Жоқ дегенде жылына бір рет Елбасы «Астана Бас жоспары» институтына барады. Жаңа жобалармен танысады, қаланың экономикалық, әлеуметтік дамуын бағамдайды.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Қабылданған мемлекеттік іс-шаралардың нәтижесінде пандемияға қарамастан елорданың дамуында оң қарқын байқалады. 2000 жылы қалада 400 мың адам тұрса, 2010 жылы тұрғындардың саны 650 мың болды. Сол кезде астананың бас жоспарын қабылдаған уақытта 2030 жылға қарай халық саны 1 млн 200 мыңға жетеді деп топшылаған едік, алайда ішкі көші-қон мен туу көрсеткіштерінің жоғары болуына байланысты бұл жоспар ерте орындалды. Қазір бас жоспарды қайта қарастырып, 2030 жылға дейін елордалықтардың саны 2 млн адам болады деп болжап отырмыз.
Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт. 130 метрлік төрт мұнарасы алыстан «менмұндалап» тұратын, 88 метрлік күмбезі күнмен шағылысқан ғибадат үйі EXPO қалашығынан қашық емес. Бір мезгілде 30 мың адам сәждеге бас қоя алатын мешіт демеушілердің есебінен салынып жатыр. Діни кешенде ислам музейі, кітапхана, қолөнер шеберханасы және басқа да мекемелер болады. «Астана бас жоспары» институтында Елбасына жаңа мешіт пен EXPO ауданына іргелес аумақта жүргізілетін құрылыс пен абаттандыру жобалары таныстырылды.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Тұрғындар саны көбейген сайын қоғамдық орындарға деген сұраныс та арта түседі. Сондықтан саябақтар мен скверлерді көптеп ашуға, көгалдандыру көлемін ұлғайтуға мән беріп отырмыз. Биыл қалада 1 млн көшет отырғызылды, оның 890 мыңы астананың айнасындағы жасыл белдеуге егілді. Елорданың жасыл белдеуі желдің күшін азайтты, шаңды дауылды басты, тұтас экологияның жақсаруына оң ықпалын тигізді.
Астана астана болғалы бері аймақтық ішкі өнімнің өсімі 110 есе ұлғайған. Қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 50% еңсерді. 11 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған, инвестицияның 90% жуығы жекеге тиесілі. Ал мемлекеттің есебінен бөлінген 1 теңге кейін республикалық бюджетке 2,8 теңге болып қайтарылғанын Елбасы бұған дейін айтты. Экономикалық тұрғыдан елорда – Тәуелсіз Қазақстанның ең табысты инвестициялық жобасы. Тек былтырдың өзінде пандемия қыспаққа алғанына қарамастан, қаланың дамуына сырттан 1,1 трлн теңге тартылды.
Авторы: Дархан Әбдуахит