Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының отырысы өтті
Жалынды жыршы, Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев екі дүниенің есігіне, ер түріктің бесігіне балаған киелі мекенде Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының пленарлық отырысы өтті.
Алқалы жиынға Қазақстан төрағалық етті.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Ежелгі Қазақ хандығының астанасы, түркі жұртының рухани темірқазығы – Түркістан Елбасының бұйрығымен облыс орталығы атанғалы жаңарып, жаңғырып үлгерген. Осы күндері мұнда күллі түркі әлемінің парламентшілері бас қосты. Осылайша, кезінде келелі мәселелер талқыланған тарихи шаһар енді маңызды келісімдер орталығына айналып отыр.
Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Түркітілдес елдердің Парламент палаталарының спикерлері ақылдасып, парламенттік ассамблеяға төрағалықты Қазақстан қабылдады. Қазақстан ұйымның халықаралық беделін арттыруға мүдделі. Түркі елдерін жақындастыру идеясын ұсынған Елбасы мен бауырлас мемлекеттердің бірлігін қолдайтын Президенттің де сәлемдесу сөзін меймандарға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жеткізді.
Сагиба Гафарова, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы:
- Қазақстанның Тұңғыш Президенті, күллі түркі жұртының ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Мұнда Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің ашылуы, онда жиырмаға жуық түркі халқы студенттерінің білім алуы – Түркістанның түркі дүниесінің орталығы екенінің айғағы. Сондықтан Қазақстанның түркітілдес мемлекеттерді біріктіруде атқарып жатқан жұмысы ұшан теңіз. Бүгінгі форумның өзі – соның айқын дәлелі.
Әзербайжан өкілінінің пікірін қостаған Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп: «Атажұртта отырған қазақтың сөзіне түркі жұртшылығы құлақ асады», - деді. Қырғыз Парламентінің өкілдері де ортақ мүдде – түбі бір түркінің бірлігін нығайтуды қолдайтынын жеткізді.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының төрағасы:
- Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясының халықаралық қатынастарды дамытудағы маңызы өте зор. Өйткені әлем күн сайын құбылып, құндылықтардың өзі түрлі өзгеріске ұшырауда. Осындай күрделі кезеңде біздің, түбі бір түркі халықтарының, бірлігі тұтастығымыз үшін ауадай қажет. Ал түркі әлемінің достығын ұйыстырып, сыйластығын сақтауда Қазақстанның орны айрықша. Түркі елдері үшін қазақ халқының сөзі қашан да өтімді.
Талант Мамытов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы:
- Жаһандық өзгерістер жағдайында түбі бір түркі әлемі елдері ұйысып шешім қабылдауы керек. Егер әрқайсымыз бөлек әрекет етсек, онда жаһандық құндылықтардың жетегінде кетеміз. Сондықтан түркі елдерінің ортақ мүддесі болғаны абзал. Пленарлық отырысқа өзге елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де қатыстырылғаны оның көкжиегін кеңейтеді.
Тараптар пленарлық отырыста Түркістан декларациясын қабылдады. Стратегиялық құжаттың маңызды тармағы – Президенттің саяси реформаларын қолдау. Алғаш рет электрондық сауда, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, кинематография мәселелері бойынша халықаралық модельдік заңдар қабылданды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобаларымен одан әрі жұмыстың бесжылдық жоспарын ұсынды. Ең әуелі, кибершабуылға төтеп беру тетігі қарастырылатын құжат қабылданбақ. Түркістан декларациясы аясында Қазақстан ТҮРКПА-ның құрамын кеңейтуді көздейді.
Тараптар Елбасының бастамасымен елімізде ашылған «Түркістан» телеарнасының ақпарат тарату кеңістігін арттырып, күллі түркі елі аумағына да жеткізуге келісті. Түркі әлемінің әдебиетін, өнерін, тарихи құндылықтарын дәріптеу, білім беру, ғылым, технология салаларында тиімді аймақтық әріптестікті ілгерілету. Отырыс аясында өткен екіжақты кездесулерде осындай мәселелер қаузалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркі әлемінің ақсақалы деп білетін түркі жұртының арман-мұраты – өзара серіктестікті жаңа бағытта дамыту.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов, Асқар Әбілдаев