Мемлекет басшысы Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгті қабылдады
Президент сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі арттыру үшін көлік логистикасы саласын пысықтау керектігін айтты. Моңғолия Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қабылдағаны үшін алғыс айтып, Моңғолия Президентінің сәлемін жеткізді. Мемлекет басшысы Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты елімізге ресми сапармен келуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Моңғолия – біздің сенімді әрі стратегиялық серіктесіміз. Мемлекеттерімізді ортақ тарихымыз біріктіреді. Моңғол халқына, Сіздің мемлекетіңізге деген құрметіміз ерекше. Сіздер біздің халықаралық бастамаларымызға түсіністік танытып, үнемі қолдау көрсетесіздер. Сондай-ақ халықаралық алаңдарда бірге белсенді жұмыс істеп келеміз. Осы ынтымақтастығымызды одан әрі арттырып, іс жүзінде нығайта беруіміз қажет деп санаймын.
Батмунх Батцэцэг, Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі:
- Президентіміздің шынайы сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Моңғолия мен Қазақстанды жақын көрші елдер деп айтуға болады. Қазақстан Республикасымен арадағы байланыстарды дамыту ісі Моңғолияның сыртқы саясатында маңызды орын алады. Біз бұл қатынастарды жандандырғымыз келеді. Келесі жылы елдеріміз арасында орнаған дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз.