Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы басталды
Екі апта бойы жүздеген әлем көшбасшысы және мыңдаған делегат ғаламдық жылыну мәселелерін талқылайды. Қазақстандық ресми делегацияны еліміздің Премьер-министрі Асқар Мамин басқарады.
Алты жыл бұрын мемлекеттер климаттың өзгеруімен бірлесе күресуге уағдаласқаны белгілі. Париж келісіміне сәйкес, олар ғаламшардың қызу деңгейін 2 градусқа дейін сақтаулары қажет еді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Шешуші сәтке дейін санаулы секунд қалды. Ұлыбритания Премьер-министрі әлем елдерінің көшбасшыларын ғаламдық проблемаға сергек қарауға шақырды. Халықаралық конференцияның ресми ашылуындағы баяндамасында ол: «Климаттың өзгеруімен күресте адамзат артта келеді. Бүгін батыл қадам жасамасақ ертең балаларымыз ештеңе де істей алмайды», - деп дабыл қақты. Ол 120-дан астам әлем көшбасшысын көмір тұтынуды кезең-кезеңімен азайту, электр энергиясымен жүретін көлік құралдарын арттыру, ормандарды жоюды тоқтату және климаттың өзгеруімен күрес үшін дамушы елдерді қаржыландыру бағытында әрекет етуге үндеді.
Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-министрі:
- Дамушы елдер қолдауды қажет етеді. Сондықтан оларға жылына 100 миллиард доллар бөлу өте маңызды. Бірақ шынын айту керек, біз ол межеге жеткен жоқпыз. Ұлыбритания өз кезегінде бұл бағыттағы міндеттемелерін орындау үшін 11,6 миллиардқа тағы бір миллиард қосып, инвестиция көлемін ұлғайтпақшы. Бұл көмектеседі деп үміттенеміз.
Қазақстан да климаттың өзгеруімен күрес бойынша өз пайымын ортаға салмақ. Пленарлық отырыстардың алдында Орталық Азия өкілдерінің бастамасымен арнайы көрменің ашылуы өтті. Су дефициті, жерлердің шөлге айналып, құнарлылығының жоғалуы, парникті газдың ауаны ластауы сияқты мәселелер өңір үшін өзекті болып тұр. Еліміздің атынан Жасыл технологиялар орталығының өкілдері қатысып, бірқатар проблеманың біріге шешу жолдарын ұсынды.
Данияр Ереншінов, «ХЖТИЖО» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
- Жасыл технологиялар орталығының ең озық қолжетімді техникалар мен технологиялардың Орталық Азиядағы бюросын ашу бастамасы аймақтық-экологиялық орталық деңгейінде қолдау тапты. Жасыл климаттық хаб ашу бастамамыз да мақұлданды. Осы істер арқылы бірінші рет біріге әрекет етудің мүмкіндігі туғалы отыр.
Конференцияның алғашқы екі күнінде әлемнің жетекші экономикалары – Үлкен жиырмалыққа мүше елдердің басшылары жеке кездесулер өткізді. Олар Париж келісімінің негізгі тармақтарын қаншалықты орындағандарын талқылады. Келісімге сәйкес, мемлекеттер ауаны ластауды азайту, жаңаратын энергия өндірісін арттыру және дамушы елдерге климаттың өзгеруімен күресте көмектесу сияқты міндеттемелерді мойындарына алған болатын. Бірақ көп сарапшы әлем көшбасшылары ортақ келісімге келе алмай, мақсат орындалмауы мүмкін деп болжайды. Өйткені ауаны көп ластайтын төрт мемлекеттің үшеуі: Қытай, Ресей және Үндістан 2050 жылға қарай парник газдарының атмосфераға шығарылуын нөлге дейін азайту бастамасын қолдамайды. Ресей мен Қытай бұл іспен 2060 жылға қарай айналысамыз десе, Үндістан әзірге пікір білдірмей отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы