Елбасы Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүлмен кездесті
Ол мәртебелі мейманға «Астана клубының» жұмысына белсене қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ: «Кезінде екі елдің ынтымақтастығын дамыту үшін бірлесе атқарған жұмысымыз әлі де жалғаса береді», - деді. Ал Абдулла Гүл «Астана клубының» «Үлкен Еуразия» құрлығындағы қауіпсіздікті нығайтуда маңызы зор екенін айтты.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Словенияның бұрынғы Президенті, Мадрид клубының президентін қабылдады. Елбасы «Астана клубы» алаңында өзекті тақырыптарды талқылауға атсалысқаны үшін Данило Тюркке ризашылығын білдірді. Кездесу барысында тараптар Еуразия құрлығындағы интеграциялық процестерге қатысты пікір алысты. Бұл ретте 2010 жылы Елордада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитінің маңыздылығы атап өтілді.
Ал «Біртұтас Грузия – демократиялық қозғалыс» партиясының төрағасы Нино Бурджанадземен кездесуде өңірлік күн тәртібін және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселесін талқылады. Сондай-ақ тараптар «Астана клубының» отырысында айтылған идеялар мен ұсыныстарға қатысты өзара пікір алысты.
Елбасы Британия-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманмен кездесті. Тараптар «Астана клубының» отырысы барысында қозғалған Еуразия елдерінің дамуы тақырыбына қатысты пікір алысты. Нұрсұлтан Назарбаев Гудманға «Астана клубының» отырысына қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, осы жылдар ішінде Ұлыбританиямен өте жақсы қарым-қатынас орнағанын атап айтты. Руперт Гудман өз кезегінде «Астана клубының» отырысы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді кездесіп, талқылауға мүмкіндік жасалғаны үшін Елбасыға алғысын жеткізді.