Еуропалық бизнесмендер Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіретін кәсіпорын салмақ
Пандемия басталғалы бері Бельгия Корольдігінің сарайы қақпасын айқара аша бермейтін болған. Бірақ бұл жолғы мәртебелі мейманның жөні бөлек. Қасым-Жомарт Тоқаевты сарайдың иесі Бельгия королі Филипптің өзі күтіп алды.
Коронавирус саяси этикетті де өзгертті. Арақашықтық сақталып жасалған дәстүрлі суреттен соң масканы тағу – міндет. Сосын қос тарап арадағы мәселелерді талқылау үшін мәжіліс залын бетке алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгия арасындағы ықпалдастықтың кеңейіп келе жатқанын айтты. Бұл ретте Қазақстанға үш мәрте сапарлап келген Бельгия Королінің үлесі ерек.
Еуропаның тар көшелері, Президент кортежі. Келесі кездесу Бельгияның Премьер-министрімен. Осыдан бірнеше күн бұрын баспасөз құралдары Александр Де Крооның карантинге кеткенін жарыса жазған. Тест теріс нәтиже көрсетіп ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке жүздесті.
Тараптар талқылайтын тақырып көп. Бельгия – еліміздің экономикасына инвестиция салу жөнінен алтыншы орындағы мемлекет. Соңғы 15 жылда Бельгия Қазақстан экономикасына 9,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салыпты. Пандемияға қарамастан, өзара сауда көлемі 13% өсіп, 300 миллион доллардан асқан. Тараптар коронавирус пандемиясына қарсы күрес бойынша ықпалдастық орнатуға да ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте отандық QazBioPharm ұлттық холдингі мен жақында құрылған бельгиялық биофармацевтикалық платформа арасында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Ал Александр Де Кроо Қазақстанның ЕуроОдақпен ынтымақтастығын жоғары бағалайтынын айтты.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Бұл нүкте – Еуропа астанасының кіндігі. Мына ғимарат – еуропалық кеңестің штаб-пәтері. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кеңестің төрағасы Шарль Мишель осында кездесіп, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы байланысты бір бағамдап алды. Еуроодақ Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктесі деп санайды, ал Қазақстан үшін бұл одақ – № 1 сауда әрі инвестициялық әріптесі. Биылғы жылдың алты айында арадағы алыс-беріс 15,8 млрд долларға жеткен. Қос тарап мұны көбейтуге, қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі.
Мүдде ортақ болғанда, бәрі де мүмкін. Қазақстан басшысын Еуроодақ мүшелері қуанышпен қарсы алды. Оны жүздерінен аңғару қиын емес еді.
Кездесуде Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесіне тоқталып, Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажет деген ұсыныс айтты. Бұл консорциум аймақтағы мемлекеттердің мүдделерін теңестірмек.
Осыған байланысты Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды. Еуроодақ Қазақстанға инвестиция салудан именбейді, тәуелсіздік жылдарында бұл одақ біздің елге 160 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы құйыпты. Әлі де құйғысы бар. Мысалы, Svevind group компаниялар тобы біздің Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндіретін кәсіпорын салмақ. Швед-неміс компаниясы Қазақстанның бұл реттегі әлеуетімен жақсы таныс. Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының екінші күнінде олармен арнайы кездесіп, бұл жобаның жүзеге асырылуын өз бақылауына алатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сізді жеке көргеніме қуаныштымын. Біз Нұр-сұлтан қаласында кездестік және бұл кездесулер нәтижелі болды. Біздің Үкімет пен Сіздің компанияңыз арасында осы келісімге қол қою арқылы алға қарай үлкен қадам жасадық деп ойлаймын. Компанияңыздың Қазақстандағы жұмысын оң бағалаймын.
Мемлекет басшысы бельгиялық Joh Cockerill компаниясының басқарма төрағасы Жан-Люк Моранжбен де кездесті. Тараптар Қазақстандағы теміржол локомотивтерін жаңғырту жайын талқылады.
Жан-Люк Морандж, «Joh Cockerill» компаниясының басқарма төрағасы:
- Кездесуге мүмкіндік сыйлағаныңыз үшін рақмет! Компаниямызда алты мыңнан астам маман жұмыс істейді. Біз қорғаныс саласында, әскери инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар өндірумен айналысамыз. Бұл Қазақстан үшін де қызық болуы мүмкін.
«Келемін, инвестиция саламын деген кәсіпкерге есігіміз әрқашан ашық», - деді Президент. Тек барлық экологиялық нормативті сақтау қажет деп ескертті. Жалпы Президенттің сапары барысында тараптар бес маңызды құжатқа қол қойды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Алмас Омарғалиев, Айдос Ентебеков