Хабар телеарнасы

Елбасы бірқатар қабылдау өткізді

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дулат Исабеков мәдениет саласын дамыту мәселелерін сөз етті. Бұдан бөлек, Елбасы танымал жазуышының елімізге сіңірген ерен еңбегін атап өтіп, мемлекеттік марапатқа ие болуымен құттықтады. Өз кезегінде Дулат Исабеков, Нұрсұлтан Назарбаевқа мәдениет қызметкерлерін үнемі қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Әрине, бұл – 30 жылдыққа көрсетілген құрмет. Марапаттау біткеннен кейін оңаша сөйлесіп шықтық. Біраз нәрселерді айттық. Елдің мәселесін айттық. Жақсы сөйлесіп, бір-бірімізге денсаулық тілеп, бір-бірімізді 30 жылдық мерекемен құттықтап, тарастық. Мереке құтты болсын!

Нұрсұлтан Назарбаев, пауэрлифтингтен спорт шебері, альпинист Мария Әуезовамен де кездесті. Еске салсақ, жігері мұқалмаған қайратты қыз, қос аяғының жоқтығына қарамастан, биыл Эверест пен Кала-Патхар тауларына шықты. Мария Әуезованың осынау қайсарлығына тәнті болған Елбасы оның аяғына протез салуға көмектескен еді. Бүгінгі кездесуде Мария Әуезова Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен қамқорлығы үшін алғысын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев «ВТБ Банкінің» президенті - басқарма төрағасын қабылдады. Кездесу барысында Андрей Костин банктің жұмысы мен инвестициялық қызметтің келешегі туралы айтып берді. Елбасы Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының жоғары қарқынына тоқталды. «Сондай-ақ инвестиция мен банк саласындағы ынтымақтастықты тереңдету керек», – деді.