Елбасы мен Мемлекет басшысы ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысады
Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Жаңа жыл алдындағы мұндай жүздесу дәстүрге айналған, бірақ бұл пандемия басталғалы бергі ТМД басшыларының алғашқы кездесуі болмақ.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Петербор бұл күндері жаңа жылды ғана емес, мәртебелі меймандарды қарсы алуға да дайындалып жатыр. Ертең Ресейдің солтүстік астанасына сегіз елден президент келеді. Соңғы рет ТМД елдерінің басшылары осы қалада 2019 жылдың желтоқсан айында кездескен. Соны ескерсек, бұл бейресми саммит президенттер үшін де көптен күткен кездесу болмақ. Оның үстіне биыл ТМД-ға 30 жыл. Қазақ орда бұзар жасқа теңейтін, отызға толған ұйымды ұйытатын да ұйыққа тартатын да мәселе аз емес.
Тәжірибеге сәйкес жыл сайын ТМД мемлекет басшыларының 1 ресми және 2 бейресми отырысы өтеді. Ел басшылары ертең Петербордағы мына ғимаратқа жиналады. 1830-шы жылдары салынған тарихи ғимарат қазір Борис Ельцин атындағы кітапхана. Дәстүрлі жиында ұйымның жылдық жұмысы қорытындыланады, бүгіні айтылады, келешегі айқындалады. Достастықтың талқылайтын тұстары бар, тіпті көп те. «287 млн халықты біріктіретін алып нарық, интеграцияның игілігін дұрыс пайдаланбай келеді», – дейді сарапшылар.
Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Осы 30 жыл ішінде экономикалық салада еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды, бұл жалпы аймақтағы интеграция үшін өте маңызды нәрсе. Осы отыз жыл ішінде ТМД мемлекеттерінің дамуы әрқалай болып қалыптасты. Яғни бұрынғы біртектілік, бұрынғы ортақ мүдделер қазір азайып бара жатыр. Себебі, отыз жылдың ішінде посткеңестік инерция толығымен сейілді. Қазір әрбір мемлекеттің, әрбір ойыншының өзінің геосаяси мүдделері бар, өзінің алдына қойған тапсырмалары бар және бұрынғыдай ауызбіршілік жоқ ТМД-ның ішінде. Сондықтан көптеген бастамалар, көптеген идеялар жүзеге аспай жатады.
ТМД-ны тиімді ұйымға айналдыру. Оған мүше он елге ортақ міндет осы. Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша достастық елдері арасындағы сауда айналымы 90 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткішті көбейту керек. Бұдан бөлек, аймақтағы қауіпсіздік, азық-түлікпен қамту, коронавируспен бірігіп күресу секілді шешімін табуы тиіс мәселелер тұр.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Бейресми саммит немесе «галстуксыз» әңгіме. Бірақ бейресми десек те ертең ел басшылары талқылайтын тақырыптар жеңіл емес. Не атқардық, жоспар қандай?! Айтпақшы, бұл кездесуден Қазақстан басшысы міндет арқалап қайтады, ұйымның төрағалағын келер жылы Қазақстан атқарады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Бақытбек Нұртаев